Шымкентте қамыр жайып, ет асқан африкалық азамат көпті таң қалдырды

951

Ет асып, қамыр жайған африкалық азамат көпті таң қалдырды. Қазақтың ұлттық тағамын насихаттап жүрген шетелдік соңғы 4 жылдан бері Шымкентте тұрады. Қазақ тілін сөйлесу деңгейінде меңгеріп алған.

Африкалық ер адам ет асқан сәтінің видеосын ТікТок парақшасында жарияланды.

Бейнежазбада Мохаммед есімді африкалық азамат қамырды теп-тегіс етіп жайып, кейін асқан ет пен тұздықты да бабына келтіріп дайындағанын байқауға болады.

«Ассалаумағалейкум, достар! Меш бешбармақ дайындап жатырмын… Достар, тамақ дайын. Ас болсын!»,-дейді ол қазақ тілінде.

Ет асқан шетелдіктің үйіне өзінің жерлесі қонаққан келген. Екеуі бірге дастархан басына жайғасып, үй иесі «Ет — етке, сорпа — бетке» деп еттің сорпасын ішеді.

Видеоны көрген желі қолданушылары шетел азаматының ұлттық тағамды насихаттағанына дән риза болып, тіпті кейбірі қамырды оп-оңай жайған оның аспаздық өнеріне таң қалысты.

«Мәссаған, мына кісі қамырды менен жақсы жаяды ғой», «Қыз-келіншектердің барлығы бұлай теп-тегіс етіп қамыр жая алмайды», «Мұнда ер адам, оның үстіне шетелдік еттің қамырын жайып жатыр. Қатты таң қалып отырмын», «Жарайсыңдар», «Тіпті африкалықтардың өзі біздің мемлекеттік тілді біледі», «Ас болсын! Мақалдатып қояды ғой» деп жазды желідегілер.

Otyrar.kz тілшісіне желі арқылы көптің ықыласына бөленген африкалық ер кісінің өзімен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

Бейнежазба кейіпкері — 48 жастағы Мохаммед Корома. Батыс Африкадағы Сьерра-Леоне елінің батыс аймағында туып-өскен. Отбасында 15 ағайынды.

2019 жылы Қазақстанға келіп, 4 жылдан бері Шымкенттегі жекеменшік мектептердің бірінде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Қазақ тілін сөйлесу деңгейінде меңгеріп алған. Бос уақытында африкалық достарымен бірге ара-тұра тойларда ән айтып, өнер көрсетеді.

Ет асып, қамыр жаюды әйелі үйреткен екен. Бүгінде жұбайы екеуі екі баланы тәрбиелеп отыр.

Мохаммед Корома алғаш рет қазақша ет тағамын жегенде қатты таң қалып, бірден ұнағанын айтты.

«Өте дәмді болды. Содан өзім осы асты дайындау туралы шешім қабылдадым. Әрине, алғашында қамыр жаю оңай болмады. Бірақ кейін үйреніп кеттім. Алдағы уақытта өзге де ұлттық тағамдарды дайындауды үйренсем деймін. Мен негізі ас әзірлеуге жақынмын. Өзіміздің және қазақтың ұлттық тағамдарын үйде ара-тұра әзірлеп тұрамын. Өзбектің ұлттық тағамы палауды да дайындай білемін»,-деді африкалық азамат.

(Фото: Мохаммед Короманың жеке мұрағаты)

Сұхбат соңында Мохаммед Корома қамыр жаюды білмейтін қыз-келіншектерге өз кеңесін де берді.

«Өзім сонау Африкадан келіп, үйреніп алдым. Меніңше, аса қиындығы жоқ. Бастысы, ынта-шынтасымен жасаса болғаны. Сондықтан қамыр жаюды кез келген әйел азаматы білуі керек және міндетті түрде үйренуі қажет деп ойлаймын»,-деді ол.