Шымкенттік 10 жасар оқушы қыз қамыр жаюдан алдына жан салмайды

470

Шымкенттік 10 жасар оқушы қыз қамыр жаюдан алдына жан салмайды. Ол ас үй істеріне деген ерекше икемділігімен өзге балалардан дара тұрады. Ұлдананың шаштай етіп кесетін кеспесіне таң қалмайтын жан жоқ. Кішкентай қыздың қабілеті ерекше.

Кішкентай 10 жасар оқушының есімі – Ұлдана. Оның басқа балалардан ерекшелігі – қамырды шебер жаюында. Илеген наны жұмсақ, жаюы бір тегіс әрі доп-домалақ, кеспені шаштай кеседі. Бұл қабілетін ол Шымкентте өткен сайыста өзінен үлкен жастағы қыздардан оқ бойы оза шауып дәлелдеген. Ұлдананың айтуынша, ас үй жұмысына қызығушылығы мол. Икемі де бейім. Қамыр жаюды өнер мектебіндегі үйірмеден үйренген. Сонымен қоса, жас талант бимен айналысады. Қосымша үйірмелерден бөлек оқу үлгерімі жақсы, зейіні мол дейді ұстазы. Талапты қыз түрлі үйірмелерге жеке қызығушылықтары негізінде қатысып жүргендігін, ал болашақта дәрігер болу арманы бар екенін айтады.

Ұлдана Жамбыл: «Өзіме қамыр жайған, ас үйдің шаруалары өтте қатты ұнайды, қамыр жаю қызықты. Бұдан өзге мен биге қатысамын. Осы екі үйірмеге қатысамын.  Болашақта дәрігер болғым келеді».

Дәстүрлі тәрбие үйірмесіне Ұлдана әпкесі Жанеркемен бірге қатысады. Бар-жоғы екі айда екеуі де қолөнер бұйымдарының түр-түрін жасап, қамыр илеп-жаюды меңгеріп алыпты. Қыздардың анасы балаларын барынша пайдалы істерге баулып, бос уақыттарын тиімді өткізуге тырысамын дейді. Оның айтуынша, перзенттерінің ас үйге, үй шаруасына деген икемділігіне үйге келген қонақтары үнемі таңқала тамсанып кетеді екен».

Дина Жұматова, Ұлдананың анасы: «Жалпы балаларға үйде телефонға мүлдем бос уақыт қалдырмаймын, күнтізбемен жүреміз. Мына секциядан кейін, ана секция. Мына үйірмеден кейін ана үйірме. Олар биге, гимнастикаға қатысқан. Бидің түр түріне қатысады. Ортаншы қызым спорттық бал биіне қатысады. Сол жақтан жақсы жетістіктерге жетіп жатыр. Әр түрлі тіл үйрену курстарына барады. Осы жазда жүзуді бастаймыз дегенбіз».

Төрт баланың анасы қыздарының қабілетін ұштап, қызығушылықтарын арттыру мақсатында жан-жақты ізденеді. Дегенмен ол қаладағы балалар үйірмелерінің құны шарықтап тұрғанына наразы. Ал, Қаратау өнер мектебінде жыл он екі ай дәстүрлі бағыттағы үйірмелер тегін жұмыс істейді екен. Мысалы оның ішінде: айтыс, шешендік өнер, актерлік шеберлік және дәстүрлі ән сыныптары бар. Мекеме 7-16 жас аралығындағы балаларды қабылдайды.

Ақмарал Айтбаева