Түркістан облысы газбен қамту бойынша алғашқы ондықта

33

Түркістан облысы газбен қамту бойынша еліміздегі өңірлер арасында 8-ші орында тұр. Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында ауыл аймақты инфрақұрылыммен қамту критерийлері жасалды. Ал өңірді ауыз су және электр желісімен қамту жұмыстары қалай жүріп жатыр? 

Түркістан облысын газбен қамту деңгейі 77,8% құрап, еліміздегі өңірлер арасында 8-ші орында тұр. Бұл туралы жауапты басқарма басшысы Руслан Мұздыбеков мәлімдеді. Өңірде 12 мың шақырымға жуық табиғи газ жүйесі болса, электр желілерінің ұзындығы 20 мың шақырымнан асады. Ал, ауыз су желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымға жуықтаған.

Руслан Мұздыбеков, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Түркістан облысында 832 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Ауыз су желілерінің ұзындығы 14 903 шақырым. Оның тозғаны 5329 шақырымды құрап отыр»

Жиында жобалық-сметалық құжаты дұрыс жасалмаған жобалар, сараптамадан өту талаптары сақталмаған нысандар туралы да айтылды. Жұмыс барысындағы қателіктер сөз болып, аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармаға тиісті тапсырмалар берілді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жоспарсыз әзірленген жобалар көп. Бірқатарының жобалық-сметалық құжаттары ескірген. Қаржы көлемі өзгерген. Оларды басынан сараптап, нақты елдің инфрақұрылым мәселесін шешетіндерін жүзеге асыру керек. Қайтадан есептеп шығыңыздар. Ауыз сумен, газбен, электр жарығымен қамтуда сапалы жоспар қажет. Бір ауылға газ немесе су келіп, көрші ауылға бармай тұрмауы тиіс. Жұмысты тыңғылықты жүйелеп, жобалық-сметалық құжатты сапалы дайындағаннан кейін ғана жобаны іске асырыңыздар»

Алдағы үш жылда ауыз су бойынша 202 жоба жүзеге асырылып, салаға қатысты тұрғындардың мәселесі өз шешімін таппақ. Табиғи газ саласында – 237, электрмен қамту саласында 130 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Жалпы 569 жоба іске асырылады деп межеленген.