«Жоғалған ешкіні іздеп, тауда екі қасқырға кезіктік». Жылқышы қыз Ұлжалғастың әңгімесі

81

Мал бағу – қара жұмыс емес, ата кәсіп. Бала кезінен жылқы бағатын Ұлжалғас Досай осылай дейді. Түлкібас ауданынындағы тау етегінде тұратын ол бірнеше рет қасқырмен де ұшырасқан. Ал жылқы бағу ұлттық спортқа деген қызығушылығын да оятыпты. Жастайынын ауыр техника жүргізуді де үйренген.

жылқышы қыз Ұлжалғас Досай

Атасынан жанында жүріп, атқа мініп, мал бағудың қыр-сырына қанығып өскен Ұлжалғас тау-тасты кезіп жүргенде болған естен кетпес оқиғасын айтып берді.

«Бір күні жоғалған ешкілерімді іздеп, тау жаққа кеткен едім. Бір кезде атымның құлағы тікірейіп, бірден «қор» ете қалды. Жылқы жануары қасқырды сезгенде «қор» ете қалатынын кішкентайымнан білемін. Атым секірейін деп тұр. Бір қауіп төніп тұрғанын бірден түсіндім. Дереу алдыма қарасам, екі қасқыр тұр. Бірі үлкен, екіншісі кішкене қасқыр екен. Екі жағым да жар, артта тау. Қашатын жер жоқ. Ал алдымда екі қасқыр, өте алмаймын. Себебі атым қорқып тұр. Жануар сондайда кез келген жаққа қашып кетуі, жардан секіре салуы да мүмкін ғой. Бір кезде қасқырлар бізге қарай жақындай бастады, біз бұрыла салдық та қаштық. Артымызда тау болса да сол жаққа қаштық. Қияға қарай бастық. Ал қасқырлар да артымыздан қуып келеді, қайтпайды, шаршамайды да. Қатты қорқып кеттім, жүрегім дүрсілдеп жатыр. Атым қатты терлеп кеткен. Ол болдырып жатқанын сезіп тоқтадық. Себебі біз ұзақ қаштық, болдырып шаршадық. Баратын жер жоқ, қасқырлар да бізге жақын келді да қарап тұрып алды. Сол кезде амалым таусылды, жыладым. Атым да шарасыз қалғанымызды сезіп тұр. Екеуімізде де шама жоқ. Өйткені біз ешкілерді іздеп тауда екі күн жүргенбіз. Біткен жеріміз осы деп ойладым. Сол кезде күтпеген жағдайға тап болдық. Қасқырлар бізге тиіспей, бұрылып кетіп қалды. Қасқырдың тектілігі десем болатын шығар, олар шарасыз жанға тиіспейді екен. Таудың қақ ортасы. Мен де шаршап тұрмын, атым да шаршаған. Екі қасқыр тік жарға шығып, кетті де қалды. Содан кейін атым екеуіміз қуаныштан жыладық. Атымның аты – Құлагер. Құлагерім маған еркелегенде шашымнан иіскеп, ойнайды. Солай ойнап, екеуіміз қуанып, ары қарай ешкіні іздеуге кеттік. Солай жүріп, жоғалған ешкілерімізді тауып, үйге қайттық».

Ұлжалғас кішкентайынан ауылда атасының жанында өскен соң ұлттық ойын түрлеріне де өте жақын болған.

«Ауылдың қызы болған соң ұлттық ойынға да жақын болдым. Әрі 4-5 жасымнан аттың құлағында ойнап үйрендім. Ат мініп шапқанды қатты жақсы көремін. Аттың сырын өте жақсы білген соң 13 жасымда атама көкпарға барғым келетінін айттым. Ол кезде қырсықпын ғой, бала кезім, барамын дедім. «Барма» деген жерге барып, «мінбе» деген атқа мініп кетуші едім. «Айқасқа» деген үлкен атымыз бар болатын. Соған міндім де, шашымды жасырып, бала сияқты киініп, көкпарға кетіп қалдым. Атам көкпарға міндетті түрде барады. Мені ертпей кеткен соң артынан білдірмей бардым. Атам болса Буян деген айғырмен барған. Барсам көкпар басталып кеткен екен. Сол кезде атам Буянмен салым салған сәтіне дөп келдім. Бойымды бір қуаныш сезімі кернеді. Менің де салым салғым келіп кетті. Бірден ортаға шығып, текені ұстап алып, мәреге қарай шауып бара жатыр едім, біреу келіп соқты. Қолымдағы теке жерге құлады. Бас киімім де түсіп қалды да шашым жайылып кетті. Сол сәтті атам көріп қойды, сасқалақтағанымнан бұрылдым да қашып кеттім. Үйге келген соң атам маған ұрысты.

«Сен қыз баласың. Көкпар қыз балаға арналған ойын емес, бір жеріңді мертіктіріп алуың мүмкін. Әрі қазір жігіттер де әлсіз. Жігіттердің сағын сындырасың» деп ұрысты. Содан кейін көкпарға тек тамашалау үшін барамын. Бірақ қатыспаймын. Мынаны айтқым келеді. Егер шығатын болсам, көкпар шабуға күшім жетеді. Тек атамның сөзіне тоқтадым.

Кейін қыз қууға шықтым. Енді оған қыздар шығуға болады ғой. Түркістан облысында өткен қыз қууға барып тұрдым. Ақыры жігіттер шықпай қойды. Себебі мен ешкімге дес бермедім. Және олар маған «сен сабайсың, жеткізбей қоясың» деп менімен бірге шығудан бәрі бас тартты.

Бәрі бірдей: «Түлкібастан келген қызбен шықпаймыз» дейтін болды. Өйткені бір жолғы қыз қууда Лазер деген айғырыммен шыққан болатынмын. Бес рет шықтым. Ешбір жігіт қуып жете алмай қойды. Сөйтіп сол жарыстан бірінші орын алдым».

Ұлжалғас түрлі техниканы да меңгерген.
«Әуелі К700 тракторын жүргізе бастадым. Жер аударатынмын. Әуел баста техникаға да жақын екенімді білдім. Егістік жер, жазық дала, ешкім болмайды. Рахат қой, бір жан жоқ жерде соқа салып, қаласам қатты басам, қаламасам жай басам. Осылайша сол жаз бойы трактор айдадым. Алғашқы техниканы трактор жүргізіп бастағанан кейін бе, кейін жеңіл көлік, жигули ма, ауди ма, кез келген көлікті жүргізу оңай болып қалды.

Тау бөктерінде өскен қыз үшін мал бағу – қара жұмыс емес, ата кәсіп.

«Мал бағу – мен үшін қара жұмыс емес. Атамыздан жеткен кәсіп. Яғни біз оған ата кәсіп ретінде қараймыз. Мен уақ малды да, жылқыны да бағамын. Бұл жұмысымнан ұялған кезім болмаған. Керісінше ата кәсібімізбен үнемі мақтандық. Атам бала кезімнен: «ешқашан ешкімге мұқтаж болма, үнемі өзіңе сенімді бол» деп үйретті. Осы сөзі маған әрдайым қанат бітіреді. Ата кәсібім тұрғанда ешкімнің қолына қарағым келмейді. Біздің осы тау етегінде тұрып жатқанымызға 27 жылдан асты. Бізге қонақ болып келген адамдар: «айдалада тұрудан қорықпайсыңдар ма?» деп үнемі сұрайды. Өйткені бұл жақ әсіресе түнде қорқынышты болады. Кей кездері алыстағы ағаштардың арасында малымыз қап кетсе, түнде барып, айдап алып келеміз. Бізге мұның барлығы қалыпты жағдай, қорықпаймыз. Басқаларға қорқынышты. Үйренген адамға қорқатын дәнеме жоқ».

Зағипа Әбен,
А.Ясауи атын. ХҚТУ-нің
«Журналистика» мамандығының 4-курс студенті

/бұл мақала Ontustik Rabat газетінің №4 санында (25.01.2024 ж) жарияланды/