Шымкентте ерекше балалардың аналарына арнап «Тұғыры биік – аяулы аналар» атты концерттік кеш өткізілді. Шараға 300-ден аса әйел қатысып, қалалық өнерпаздар дайындаған керемет кешті тамашалады.
Айсұлу Қалкенова ерекше баланы тәрбиелеп отырған ана. Оның 10 жастағы ұлы церебралды сал ауруына шалдыққан. Ол бүгін «Тең қоғам» орталығы ұйымдастырған мерекелік кешке келіп бір серпіліп қалғанын айтады.
«Ерекше бала асырау оңай емес, оны білесіздер. Біз олармен 24\7 қасында болуымыз керек. Сондай шымкенттік балалардың анасы бүгін осында келіп, өзін нәзік жанды екенін сезініп жатыр. керемет кешке куә болып, мәз болып отырмыз», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айсұлу Қалкенова
«Тұғыры биік – аяулы аналар» іс-шарасына 300-ден аса ана шақырылды. Олардың бәрі де мүмкіндігі шектеулі балақай өсіріп отырған жандар. Сондықтан ұйымдастырушылар мереке қарсаңызда оларға көтеріңді көңіл күй сыйлауды жөн көрдік дейді.
«Бүгінгі іс-шарамыз мүгедектігі бар азаматтарды бағып отырған аналарға арналады. 400-ге жуық ананы жинап, алда келе жатқан 8 наурыз халықаралық мерекеге орай кеш ұйымдастырып жатқан жайымыз бар. Шымкент қаласының өнерпаздары, театр әртістері осында аналарға арнап, өз өнерлерін паш етті», — дейді «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығының директоры Ерсұлтан Әмзеев
Мерекелік кеште қаламыздың белді өнерпаздары ән мен биден шашу шашса, көңілді сайқымазақтар балақайларға шоу қойылымын арнады. Сонымен қатар, іс-шара барысында әрбір анаға арнап демеушілер тарапынан сыйлықтар табысталды.