Мәслихат төрағасы алтын құрсақты аналар мен ақ жаулықты әжелерді үйіне барып құттықтады

29

 

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Түркістан қаласында тұратын ақ жаулықты әжелер мен алтын құрсақты аналар – Бибісара Тойғараеваның, Зәуре Момбекованың, Жанар Альчинбаева мен Қаламқас Арыстанованың үйіне барды.

Кездесуде мәслихат төрағасы әулеттің берекесі мен ұйытқысына айналған ардақты әжелер мен аяулы аналарды келе жатқан мерекемен құттықтады.

Мәслихат төрағасы кездесуде қазақ халқы ежелден әйел қауымын ерекше құрметтегенін айта отырып, өзінің жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, осындай батыр апаларымыз бен аналарымыздың көп болып, жас қыз-келіншектердің үлгі алу қажеттігін айтып өтті.
Н.Әбішов әжелерімізге салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді ұл-қыздарымыздың бойына сіңіріп, ұрпақ тәрбиелеудегі ерен еңбектеріне, шексіз мейірімділіктеріне алғысын білдірді.

Сондай-ақ, мәслихат төрағасы дана әжелерімізбен көпбалалы аналарымызға мерекелік сыйлығын табыс етті.

Өз кезегінде, ардақты әжелеріміз бен көп балалы аналар мәслихат төрағасының арнайы құттықтап келгеніне ризашылықтарын білдіріп, Түркістанды өркендету бағытындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Айта кетерлігі, Бибісара Тойғараева – тыл еңбегінің ардагері, 98 жаста. Түркістан қаласының тұрғыны. 10 баланың анасы.
Зәуре Момбекованың жасы 96-да. 7 баланың анасы, 25 немере, 80 шөбере, 32 шөпшек тәрбиелеп отыр.

Қаламқас Арыстанова жас көпбалалы ана. Жолдасымен 9 баланы тәрбиелеп отыр. Аспазшы. Жанар Альчинбаева да 9 баланың анасы. Бүгінде мейірбике болып жұмыс жасайды.