Кентауда 11 жасар қызды ұрып-соғып, зорламақ болған ер адамға үкім шықты

728

Кентауда мектеп оқушысын зорламақ болған ер кісіге сот үкімі шықты. Алайда сотталушы үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Айта кетейік, ер кісі бұған дейін қыз зорлап, жазасын өтеп шыққан.

Түркістан облыстық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық іске нүкте қойылды.

11 жасар қызды зорламақ болған ер адамға 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталушы үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген екен. 19 наурызда апелляциялық сот отырысы өтеді.

Еске салсақ, Кентаудағы сұмдық оқиға өткен жылдың 26 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында болған.

11 жасар оқушы үйінен дүкенге майонез алу үшін шыққан екен.

Қоғам белсендісі, «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрінің мәліметінше, үйдің кіре-берісінде әлгі еркек оның жасын сұрап, әдемі екенін алға тартып, құшақтап алған көрінеді.

Қыз айқайлап көмек сұраймын дегенше ер адам оның тамақ тұсынан қатты қысып, қылқындыра бастаған. Ұрып-соққан. Кейін қызды аулаға алып шығып, ұрып-соғуды жалғастырған. Тіпті таспен басынан, бетінен ұрған екен. Үйдің артына дейін сүйреп апарып, ұрып-соғуын жалғастырған. Қызға шабуылдаған адам оны зорламақ болған. Оқиғаны қыздың көршісі көріп қалған соң ер кісі қаша жөнеліпті.

Полиция алғашында бұл оқиғаны «Бұзақылық» бабымен тіркеген. Кейін аталған жайт Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 120-бабының 4-бөлігі бойынша қайта сараланды.

Сотта сотталушы кінәсін тек жартылай мойындаған. Айтуынша, оқушы қызды зорлағысы келмеген. Бар болғаны, сөйлескісі келіпті.

Ең сорақысы, ер адам кезекті қылмысты жасамас бұрын 9 күн бұрын ғана бостандыққа шыққан екен. Яғни, ол бұған дейін Қылмыстық кодекстің 120-бабы (Қыз зорлау) бойынша сотты болған.

(Фото: caspianlife.kz)