Úı ANONS Жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны 10 пайызға төмендеді

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны 10 пайызға төмендеді

Шымкентте 500 оқушы полиция бастығымен кездесті. Жиын барысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық туралы кеңінен талқыланды. Тәртіп сақшылары сталкинг, интернет-алаяқтық пен «дропперлік» схемаларға тартылудың салдарына ерекше тоқталды. 

Шымкентте кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыс саны 10 пайызға төмендеді. Мұны мегаполистің бас полицейі хабарлады. Сондай-ақ, ол жасөспірімдердің ең жиі қандай қателікке бой алдыратынын да атап өтті.

 

МҰХТАР ҚОЖАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: «Алаяқтық схемалары барлық жерде кеңінен тарап жатыр. Осы алаяқтық схемаларына қатысуда. Және бұзақылықтарды қатты өсті деп айта алмаймын, бірақ бұзақылықтарға да жол береді. Сосын ұрлық қылмыстары. Бірақ ересектермен салыстырғанда олардың үлес салмағы әлдеқайда төмен»

 

Жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселенің бірі —  буллинг екені жасырын емес. Жалпы өткен жылы мектептер мен колледждерде балалар бір-бірін қорлағаны туралы 400-ден астам арыз түскен. Соның 22-сі қылмыстық іске ұласқан.

 

ГҮЛНӘР ДӘРІБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Әртүрлі жағдайда балама буллинг жасады немесе менің балам буллинг жасады деген әртүрлі жағдайда арыз-шағымдар түсіп жатады. Оны зерделеп зерттеп шын мәнінде дәлелін тауып жатқан кезде оларға қылмыстық іс қозғалады. Жалпы қылмыстық іс қозғалғанының саны — 22»

 

Бүгін мектеп оқушылары жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен әлімжеттіктің салдарын өз көздерімен көріп, тыңдады. Полиция қызметкерлері қылмыс жасаған адамға қандай жаза қолданылатынын және жәбірленушінің құқығы қалай қорғалатынын түсіндірді. Сондай-ақ, балалар үшін арнайы көрме ұйымдастырылып, қызметкерлер өз техникаларын көрсетті.

 

АБАЙ ЕРЛАН, ОҚУШЫ: «Маған бүгінгі іс-шара өте қатты ұнады. Өте қызықты болды. Мына мотоциклге отырып көрдім. Күшті екен. Неше түрлі автомат, пистолеттерді көріп, таңқалып жатырмын. Бұрын ондайды көрмеген екенмін»

 

Іс-шара аясында оқушылар полиция бастығына сұрақ қойып, өздерін қызықтырған тақырыптарды талқылады. Осылайша, жасөспірімдер құқық қорғау органдарының жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Лаура Бабас