«Кәсіпкерлер санитарлық талапты сақтамаса, моншаның жұмысын тоқтату керек»

29

Облыстағы 69 жекеншік моншаның 16-сы ғана орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Ал 23 моншаның сарқынды суы талапқа сәйкес келмейтін септикке құйылып жатыр. Бұл туралы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков айтты. Оның сөзінше 69 моншаның 53-інен шыққан сарқынды суды төгуге экология департаментінен арнайы рұқсат алынбаған.

Руслан МҰЗДЫБЕКОВ, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы

«Экология департаменті тарапынан Сауран ауданындағы С.Қожанов, Теке елді мекендеріндегі 5 моншаның («Жылы су», «Інжу», «Әмір Темір», «Ақсу», «Шипа су») заң талаптарына сәйкестігіне тексерулер тағайындалып, нақты шаралар қабылданған. Қорытындысымен, 10 заңбұзушылық анықталып, жалпы 9 797 500 теңге айыппұл салынған.Оның ішінде Экология департаментімен 6 заң бұзушылық анықталып, 862500 теңге айыппұл салынса, сот шешімі арқылы 4 заң бұзушылық анықталып, 8 миллион 938 мың теңге айыппұл салынды»

Ал облыс әкімі бұған дейін моншалардан шыққан сарқынды су мәселесін ретке келтіруді тапсырған болатын. Тапсырма аясында жұмыс тобы құрылғанымен нәтиже жоқ деген өңір басшысы мәселені заң аясында шешуді тапсырды.

Дархан САТЫБАЛДЫ, Түркістан облысының әкімі

«Маған нақты жұмыс пен нәтиже керек. Неліктен тиісті дәлел құжаттарын ұсынып, мәселені шешпейсіздер? Заңға сәйкес реттеу керек қой. Екі жол бар. Кәсіпкерлер заңға бағынып, санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Егер сақтамаса, ол моншалардың жұмысын тоқтату керек. Экология департаменті тарапынан да қолдау көрсетілуі қажет деп есептеймін. Аудан, қала әкімдіктеріне түсіндіріңіздер, көмектесіңіздер. Экология – бәрімізге ортақ мәселе. Сәуір айының соңына дейін осы түйткілді реттеуді тапсырамын»

Аппараттың апталық мәжілісінде облыс бюджетінің 1 сәуірге атқарылу барысы да сараланды.

Қайрат ЕЛІБАЕВ, Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы:

«Облыс бойынша 2024 жылғы 1 сәуірге дейін бюджетке 61,2 млрд. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 133,5%-ға орындалған. Жоспар өзге де салықтық емес түсімдер есебінен артық орындалып отыр. Жыл басынан бері салықтық түсімдер бойынша бюджетке 42,9 млрд. теңге түссе, салықтық емес түсімдер бойынша 9,9 млрд. теңге түскен. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша облыс бюджеті 8,3 млрд. теңгемен толыққан».

Жиын соңында Дархан Сатыбалды Келес, Сарыағаш, Отырар ауданы әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Және экологияға зиянын тигізіп отырған кәсіпорындардың мәселесі бойынша тиісті жұмыс істеу керектігін айтты.