Шымкентте көші-қон полициясы басқармасының бастығы 7 жылға сотталды. Ол өткен жылы Қазақстан азаматтығын алғысы келген ауғанстандықтан 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшін ұсталған.
Тергеу барысында лауазымды тұлғаның өзге де құқық бұзғаны анықталған. Полиция басқармасының экс-басшысы бес айдың ішінде делдал арқылы 8 мың доллар пара алған. Екі араға делдалдық еткен азамат өз кінәсін толық мойындағанымен, сотталушы бұл айыпты жоққа шығарды.
Айта кетейік, сотталушыны өткен жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел тергеу тобы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметінің өкілдерімен бірге қолға түсірген.
«Бір ғана Акбари мен Азизи емес. Дәл осы салада шетел азаматтарынан пара алуды кәсіпке айналдырған. Параны толық немесе ішінара алғанына қарамастан іс аяқталған болып саналады. Осы негізде Түгелбаевтың кінәсі толығымен дәлелденді деп танылды», — деді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Мадияр Әбдірәсілов.