Ауыс-түйіс: Шымкентте бірден екі басқарманың басшылары тағайындалды

312

Шымкентте бүгін екі басқарманың басшылары тағайындалды. Олар: мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармалары.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің келісімі бойынша қала әкімінің өкімімен Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы лауазымына Бауыржан Орынтаев тағайындалды.

Бауыржан Орынбасарұлы 1989 жылы 21 қаңтарда Созақ ауданы, Жартытөбе ауылында туған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін және Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі — жерге орналастыру, мемлекеттік және жергілікті басқару.

Еңбек жолында түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарған ол жаңа қызметке тағайындалғанға дейін аталған басқарманың мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің басшысы болған.

Ал энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы лауазымына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша қала әкімінің өкімімен Рзабек Меңдіқұлов тағайындалды.

Рзабек Балтабекұлы 1988 жылы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында дүниеге келген. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік академиясын бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі — химикалық технология мен биотехнология.

2011-2014 жылдары Мәскеу қаласындағы мұнай компанияларында жауапты қызметтер атқарған. Сонымен қатар Энергетика министрлігінде басқарма басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің консультанты, Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының директоры болған.