Шымкентте шетелдік дәрігерлердің қатысуымен шеберлік сабағы өтті. Онда мамандар тіліксіз ота жасаудың заманауи әдістерін үйренді. Ал еліміздің әр өңірінен келген ақ халаттылар ота барысын онлайн түрде бақылады.
Үшінші мегаполисте «Операциялық және диагностикалық ағзаішілік эндоскопияның заманауи мүмкіндіктері» шеберлік сағаты өтті. Шара аясында бүгін бірінші болып 61 жастағы қала тұрғынына тіліксіз операция жасалды. Мамандардың сөзінше пациенттің өт жұмысында ақау пайда болып, салдарынан одан бөлінетін сөл қанға тарап кеткен. Сондықтан ақ халаттылар науқасты аман алып қалу үшін өтіне арнайы аппарат орнатты.
«Біздің онкологиялық орталықта түрлі операциялар жасалып жатады. Бүгінгі науқасымыз өттен бөлінетін сөлдің ағзасына тарап кетуіне байланысты, денесінің бәрі сарғайып түсті. Сондықтан уақытша аппарат қойдық. Ол сөлді денеге таратпай, табиғи түрде жұмыс жүруіне көмектеседі. Енді соны өмір бақи тұра беретін аппаратқа ауыстырдық. Бұл күрделі ота болап саналады. Сондықтан мәскеулік мықты мамандардың қатысуымен жасап жатырмыз. Науқас жарты сағатта өзіне келіп, 1-1 жарым сағаттан соң тамақтануға мүмкіндігі болады», — дейді бас дәрігер-эндоскопист Бердияр Қадырбеков.
Бірінші күн 7 бірдей науқасқа күрделі ота жасалды. Оған еліміздің бірнеше қаласы мен шетелден арнайы дәрігер-эндоскописттер, хирургтар, гастроэнтерологтар, онкологтар келіп, конференцияға қатысып жатыр. Дәрігерлерге операция барысын онлайн бақылып, қажет жағдайда ақыл кеңесімен бөлісуге мүмкіндік жасалған.
«Өт жолдарының тастарына ота осында жасалып жүр. Бірақ эндоскопияның заманауи жоспарлы отаны әлі осындағы эндоскопистер жасап жүрген жоқ. Соны бүгін көрсетеді. Оған біздің осы жердегі дәрігерлер қатысады. Кейін болашақта өздері жасайтын болады», — дейді «Қазақ эндоскопиялық қоғамы» ҚБ төрағасы Қанат Батырбеков.
Шеберлік сабағы 2 күнге созылды. Сол аралықта онкологиялық аурулардың ауыр сатысына өткен немесе алғашты белгілері білінген 9 адамға ота жасау көзделген.