Түркістанда жеті ғасырдың тарихын танытатын музей-парк ашылады

223

Күлтөбе қалашығында сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасайтын нысан салынбақ. Ал қазір ашық аспан астындағы археологиялық музей-паркін құрудың алғашқы кезеңі аяқталуға жақын.

Бұған дейін Күлтөбе қалашығынан түрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғғ. бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Енді осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, келушілерге ұсынылмақ.

Роман Шнайдерман, архитектор, Envikon-A ЖШС-ның директоры: «Сонау ерте заманнан 19 ғасырға дейін мұнда Ұлы Жібек Жолының бойында аса маңызды рөл атқарған үлкен қала болды. Онда мәдениет, сауда-саттық, өнер мықты дамыды. Біздің мақсатымыз – сол кездегі қаланың тұрмыс-тіршілігін, өмір-салтын жалпы тарихтың түрлі кезеңдерін көрсететін этнопарк музей жасау болып отыр. Бұл парк музей ел тұрғындарына да, қонақтарға да қызық болады және тарихтың бұған дейін беймәлім болып келген тұстарын көрсетіп, жұртқа танытады».

Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар да атсалысты. Тарихи қалашықтың 30 гектарға жуық жерінде құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Жобаның алғашқы кезеңінде шетелден арнайы тапсырыспен жасалған 4 шатырлы күмбез орнатылды. 27 тірек, кәріз сорғы станциясы мен дренажды жүйе салынған. Қалашық ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болғандықтан, жоба ЮНЕСКО қадағалауымен жүзеге асып жатыр.

Ал, облыс әкімі қалашықтағы құрылысты тарихшылармен кеңесе отырып жүргізуді және абаттандыру жұмысына баса мән беруді тапсырды. «Бұл қалашықтың әр тасы – тарих» деген өңір басшысы құрлыс жұмысы тарихи жәдігерлерге зиян келтірмеуі тиіс деді. Әрі бой көтеретін жаңа нысандардың сапасына баса назар аудару қажеттігін ескертіп, қалашық айналасына жол салуды тапсырды.