Мердігер мекеме келісімшартқа қол қоймай, аяқжол құрылысын бастап кеткен

33
фото Отырар.кз

Шымкентте заңсыз жол құрылысын бастаған мердігер компанияның жұмысы тоқтатылды. Компания келісімшартқа қол қойылмай тұрып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Ұ.Арғынбеков көшесіндегі аяқжолдың жаңарту жұмысымен айналысып жатқандарға айыппұл салынды. 

Ұ. Арғынбеков көшесінің бойында аяқжол құрылысын бастап кеткендердің жұмысы тоқтатылды. 80 метрге жуық аумақты қазып жұмысқа кірісіп кеткендерді әкімдік өкілдері тоқтатты. Сөздерінше, мердігер мекеме келісімшартқа қол қойылмай тұрып, құрылысты бастаған. Ал ескертусіз жолдың қопарылғаны тұрғындарға қолайсыздық тудырады.

Берік Әшірбеков, Тұран ауданының әкімі: «Тұран ауданының әкімідігінен конкурс бойынша қаладағы 4,6 шақырым жерге тротуардың құжаттары шыққан. Алайда ол жұмысты бастау деген сөз емес. Бәрі заңды болғанда біз халыққа да айтатын едік, «қолайсыздық туындайды, жолды біз жабамыз, бір аптаның ішінде осындай жұмыстар атқарылады, ол уақытта сіздер мына жермен жүресіздер» деп. Қазір адамның жүретін жері жоқ, ал біз альтернативті басқа жер ұсынуымыз керек».

Мердігер мекеме өз айыбын мойындап отыр. Сөздерінше, берілген уақытта үлгере алмау қаупі болғандықтан жұмысты ерте бастапты. Бір қызығы, мердігер компанияға берілетін аумақ Ұ.Арғынбеков көшесінде емес, мүлдем басқа нысан екен. Енді, мекеме өкілдері қателікті түзеп, ең аз мерзімде жолды қалпына келтіруге уәде берді.

Азамат Қайратұлы, «Пожтехмонтаж» ЖШС мердігер компаниясының өкілі: «Біз келісім шарт бойынша 3 айдың ішінде бітіруіміз керек болатын. Алайда үлгере алмау қаупіміз болғандықтан әкімдікпен келіспей, ерте бастауымызға тура келді. Қопарылған жерлерді алып кетеміз. 1-1,5 аптаның ішінде қайтадан орнына қойып береміз. Жерді қайтадан алып, қайта тегістеп, бәрін қайтадан орнына қою керекпіз, ол кішігірім уақытты алады. Одан ертерек бітуге тырысамыз, қазірден бастап жұмыс істейміз».

Құрылыс орнына тәртіп сақшылары келіп, мердігер мекемеге айыппұл салынды. Айта кетейік, Тұран ауданында биыл 4,6 шақырым аяқжолды қалпына келтіру жоспарланған. Ал 80-ге жуық көше орташа жөндеуден өтеді.