9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай «Даңқ» мемориалында гүл шоқтары қойылып, ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Майданда ерлікпен қаза тапқандардың рухына тағзым етілді. Салтанатты шараға қала әкімі, қоғамдық және энтомәдени бірлестіктік өкілдері мегаполис тұрғындары мен батырлардың ұрпақтары қатысты. Қатысушылар ұрыс даласында қаза тапқан сарбаздарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Биыл Ұлы Жеңіске – 79 жыл толып отыр! Мегаполис тұрғындары батыр бабалар рухын ардақтап, Жеңіс күнін атап өтті. Бүгінде Шымқалада сұрапыл соғыс куәгерлерінен 2 ардагер ғана қалды. Мұратәлі Төлепбергенұлы мен Нина Мосунова, сондай-ақ қала тұрғындары бүгін батырлар ерлігіне тағзым етіп, Отанды қорғау жолында қаза болған сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жақындарының есімін ұлықтап, гүл шоғын қою үшін келген жандар да аз емес. Жиналғандар ел қорғаған батырлар есімін ешқашан ұмытпау керектігін айтады.
Отан үшін от кешкен батыр бабалар ел есінде мәңгі сақталады. Қала әкімі мен шаһар тұрғындары ата-баба ерлігіне тағзым жасап, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Қала әкімі де ардагерлерді арнайы құттықтап, бабалар ерлігі ұмытылмайтындығын айтып, қарияларға ұзақ ғұмыр тіледі. Ғабит Сыздықбеков майдангерлерге ел Президентінің құттықтау хатын табыстады. Сонымен қатар, мегаполис басшысы мерекеге орай екі соғыс ардагеріне жаңа пәтердің кілтін табыс етті.
Сұм соғыста ерлік көрсеткен батырлар саны жыл сайын азайғанымен, оларға көрсетілер құрмет – артпаса кеміген жоқ. Ұлы отан соғысының ардагері, батыр Мұратәлі Төлепбергенұлы биыл мерекені жұртпен бірге қарсы алды. Майдангер небәрі 18 жасында әскерге шақырылған. Елге аман-есен оралған соң да халық игілігі үшін қызмет етуді тоқтатқан емес. 99 жастағы қария немере-шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Мұратәлі Төлепбергенұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Адалдық пен адамдықты ұмытпау керек. Қандай жұмыста болса да жастар өз мамандығын жақсы игеріп, адал жұмыс істеп, халыққа, отбасына жақсы жұмыс істесе, жағдайы дұрыс болады. Халқымыздың денсаулығы жақсы болсын, ұрпақтарымыз өсіп-өніп бақытты болсын! Жеңісті күніміз құтты болып, бұдан былай соғыс болмасын!»
Ал ардагер Нина Мосунованың бүгін көңіл-күйі тамаша! 100 жастағы әже бейбіт заманның әр күні осындай мереке болсын деп тілейді! Ұлы Отан соғысының ардагері ел үшін жанын қиған батырларды жас ұрпақ ұмытпаса екен дейді.
Нина Мосунова, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Көңіл күйім өте жақсы! Мереке керемет өтіп жатыр! Аспанымыз ашық, заманымыз бейбіт болсын!»
Соғыс жылдарында Шымкенттен 23 мыңнан астам адам майданға аттанған. 11 мыңнан астам жауынгер елге қайта оралмады. Бүгінде Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының небәрі 2 ардагері тұрады.