269 адамға жоғары технологиялы көмек көрсетілді

191
фото Отырар.кз

Болашақта медициналық сақтандырусыз тұрғын қалмайды. Ол үшін қазір мамандар жұмыс жүргізіп жатыр. Ал жарна төлеу мүмкіндігі жоқ жандарға қаражатты жергілікті бюджеттен төлеу көзделіп отыр.

Биыл ұстаздардың ұзақ мерзімді демалысы кезінде медициналық сақтандыру жарнасы төленетін болды. Бұған дейін мұғалімдерге жаз айында аударым жасалмай келген. Салдарынан емханаға қарала алмай қалған жайттар кездесті. Сондықтан мамандар мәселенің алдын алдық дейді. Жауаптылар келешекте тегін медициналық қызметті барлық тұрғын алатын болады дейді. Ал оған тұрғындар пікірі әрқилы.

«Енді әр адам өзі үшін медициналық тұрғыда сақтану керек»

«Қазір анам ауырып жатыр. Жұмысы жоқ, сәйкесінше сақтандыру жарнасын құя алмай жүр. Сондықтан ауруханаға қарала алмайды. Ертең бірдеңе болып қалса, сол медицина жауап береді. Сондықтан қажеті жоқ деп ойлаймын»

«Мен көпбалалы анамын. Күміс алқа иегерімін. Жұмыстан төленіп жатыр. Бірақ сақтандыруға маған мемлекеттің өзінен де бөлінеді»

«Бұл дұрыс емес, жүрміз ғой дәрігерге қарала алмай», — дейді тұрғындар.

Мегаполисте жыл басынан бері сақтандыру статусын алмағандар саны 220 мыңды құрайды. Олардың өзін қазір 5 санатқа бөлген. Атап айтқанда;

А – 16 631 (тұрмыс жағдайы жақсы)

В – 66 809 (жағдайы орташа)
С – 84 063 (қанағаттанарлықсыз)
D – 43 673 (дағдарысты жағдайда)
E — 9 555 (шұғыл көмек қажет)

Е және D тобы ретінде ең жағдайы мүшкіл тұрғындар тізімі таңдалып алынған. Жауапты сала басшысы қазір ол азаматтар келешекте тегін ем шарасын алуы үшін басқармалармен тығыз жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

«Олар үшін жылдың соңына дейін барынша жұмысқа орналастыру, оқу оқыту, немесе бизнес жоспары бойынша микрокредиттер беру сынды шаралар жасалып жатыр. Оған жауапты әлеуметтік жұмыспен қамсыздандыру орталығы. Қаншасын жұмыспен қамтып үлгереді. Үлгерегенінше. Үлгермесе жергілікті бюджеттен жарналар төленетін болады. Себебі олар ең жағдайы нашар болып саналады. Олар келешекте міндетті түрде тегін медициналық қызметпен қамтылады», — дейді ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек.

Бүгінгі таңда қала халқының 82,1 пайызы сақтандырылған. Ал жеңілдік санатындағы 700 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Айта кетейік, кейінгі 3 жылдың ішінде МӘМС-тің көмегімен 39 жүрекке жасанды қарынша қойылған. Ал биыл алғашқы 3 айдың ішінде 269 адамға жоғары технологиялы көмек көрсетілді.