Шымкентте «Сот жүйесіндегі жаңалықтар туралы» ашық есік күні өтті. Онда қаламыздың белді судьялары қорғаушылар мен медиаторларды жаңалықтардан хабардар етті.
Шымкентте «Сот жүйесіндегі жаңалықтар туралы» ашық есік күні өтті. Онда қорғаушылар мен медиаторлар қатысып өзін толғандырған сұрақтарына жауап алды. Іс-шараға арнайы келген маман Дана Кенжеқұлова судьяларға өз сауалын жолдады.
«Медиациялық келісімді даулау үшін біз жақында азаматтық тәртіпте жолдағанбыз. Бірақ бізді азаматтық іс емес деп қайтарды. Апелляциялық сотқа жолдадық. Осыған жауап алғым келеді», — дейді тренер-медиатор Дана Кенжеқұлова.
«Азаматтық процестік кодекстің 7-12 тармақтарында белгіленіп қойған. Әрбір судья есеп бермейтіндігі туралы жазып қойған. Сол іске қатысты сот төрағасы да, сот алқасы да істі қалай қарау керектігі жайында тапсырма бере алмайды. Ол өз тәртібі бойынша қаралады. Жалпылама істерді сол іс қаралып болғаннан кейін ғана айта аламыз», — дейді Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы Бақтияр Нәсірдинов.
Кездесу барысында мамандар 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында заңға өздеріс енгенін айтады. Сонымен қатар, былтыр азаптау, қатыгездік таныту, жеке бастың қадір-қасиетін қорлауға қатысты да заң талаптары қатаңдатылған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң күшейді. Бұрын уақыты жақындағанда, сотталушының тәртібінде оң өзгерістер орын алса, шартты түрде жеңілдік алуына болатын еді. Қазір ҚР ҚК 72 бабында бұл бойынша шектеулер орнатылды. Яғни сыбайлас жемқорлыққа барған адамдар шартты түрде босауға жатпайды», — дейді судья Самат Мырзахметов.
Жиын барысында мамандар сот жүйесін реформалау бойынша заңнамалық түзетулер енгізіліп жатыр дейді. Атап айтқанда қазір кассациялық сатыдағы іс жүргізу тәртібіне жаңа механизм енгізілетінін жеткізді.
«Барлық қаралып жатқан іс кассациялық сотқа бару-бармауы жаңа заңда шешімін табады. Қазір заң жобасы қаралып жатыр. Әрбір тұлға сот үкімімен келіспеген жағдайда кассациялық сотқа шешіміне жүгінуіне қатысты ақпарат жақында белгілі болады. Ал бірінші сатыдағы сотқа келіспеген адам одан кейін апелляциялық сот, одан кейін кассациялық сотқа шағым түсіре алады», — дейді Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы Бақтияр Нәсірдинов.
Сонымен қатар, судьялар азаматтық істерге қатысты сот бақылауы тиімді қолға алынғанын айтады. Сол арқылы әр істі үкім шығарушы өзі бақылап отыруға мүмкіндік алды. Егер сот талабы орындалмаса мәжбүрлеу шарасы қарастырылған.