Салық төлеушілерге барлық жағдай жасалған

28
фото Отырар.кз

Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті республикалық «Табысты бухгалтерлер клубымен» бірігіп салық міндеттемелері жайлы конференция өткізді. Шара барасында кәсіпкерлер мен есепшілер өз сұрақтарына жауап алды.

Шымкент қаласындағы кәсіпкерлер мен есепшілерге арналған конференцияға сала мамандары, бизнес-қауымдастығының сарапшылары қатысты. Кездесуде салықтық есеп, тексерулер, тәуекелді басқару жүйесі, камералдық бақылау және биыл өзектілігі басым жалпыға бірдей декларациялау мәселері талқыланды.

Жандос Ақаев, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Жалпыға  бірдей декларцияның бірінші кезеңі бойынша мемлекеттік қызметкерлер және олардың жұбайлары,  2023 жылдың басынан жеке кәсіпкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, спорт саласының, ал 2025 жылдан бастап қалған азаматтар тапсырады».

Жиын барысында сала мамандары салық, кедендік төлемдер жайлы ғана емес табысты бизнес ортаны, салық төлеушінің құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселеллеріне де тоқталды. Конференцияны Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті республикалық «Табысты есепшілер» клубымен бірге ұйымдастырған.

Сандуғаш Төлегенова, республикалық «Табысты бухгалтерлер» клубының құрылтайшысы: «Әрбір кәсіпкердің бас есепшісі болады. Салықтық есеп, төлемдер жасағанда талаптар орындалуы шарт. Сондықтан осындай шаралар барысында екі жақты диалог болып, сұрақтарға жауап алынады. Мүмкіндікті пайдаланып осындай деңгейде іс-шараны ұйымдастырған Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшылығына алғысымызды білдіреміз. Бұл конференциядан барлығы ұтады».

Сарапшылар қолданыстағы заңнамалар туралы жаңалықтарымен бөлісіп, алдағы міндеттерді ортаға салды. Ал қатысушылар кездесудің пайдасын айтып, сұрақ-жауап үлгісіндегі конференцияларды жиі ұйымдастыру жөнінде ұсыныс жасады.

Фатима Қалибекова, өндірістік компанияның бас есепшісі: «Тәуекелді  басқару жүйесі, салықтық есеп  бойынша сұрақтарымызға жауап алдық. Мұндай басқосулар ауадай қажет».

Бүгінде салықтық есептерді тапсыру, міндетті төлемдерді өтеу бойынша салық төлеушілерге барлық жағдай жасалған. Е -салық Азамат, Е -салық Бизнес мобильді қосымшалары , Е гов порталы тәулік бойы қолжетімді.