Түркістан облысында елуге жуық мед-санитарлық алғашқы көмек нысаны бой көтереді

29

Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым және 130 жекеменшік мекеме бар. Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 49 мед-санитарлық нысан салынады. 27 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржысы қаралып, конкурс жарияланды. Ал денсаулық сақтау саласына кадрлар дайындау үшін резидентураға 139 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 600 грант бөлу жоспарланып отыр.

Түркістан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынады. Нақтырақ айтқанда, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт бой көтереді.

Сондай-ақ, биыл өңірдегі 8 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде, Кентау қалалық орталық ауруханасы, Келес аудандық «Абай» ауруханасы, Бәйдібек ауданындағы нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Кентау қалалық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Қалған 2 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды жандандыру керек. Аурудың алдын алуға мән берілсін. Екіншіден, өңірде құрылысы жүріп жатқан медициналық нысандарға жергілікті өндірушілердің материалдары мен жиһаздарын қолдану керек. Барлығы өзімізде бар. Нысандар сапалы салынуы тиіс».

Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда құрылыстың жалпы 77% аяқталды. Бұл жұмыстарға 300 адам тартылған. Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес, жобаның есептері қайта жасалып, дайын ғимаратты сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді. Сөзінше, өңірде ірі медициналық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Асхан Байдуәлиев, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Бүгінгі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Баққоныс, Төрткөл, Көкпарсай елді мекендерінде 3 ФАП құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, 27 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржысы қаралып, конкурс жарияланды. Оның 20 жобасына жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзілді. Қалған 7 нысан жеңімпазы анықталу үстінде. Сондай-ақ жалпы құны 3156 млн теңгеге 13 жобаның ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, респуликалық бюджетке ұсынылды. Қалған 6 жобаның ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптама қарауынан өткізілуде».

Денсаулық сақтау саласында білікті кадрлар даярлауға да үлкен мән берілуде. Осыған байланысты 2023 жылы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен бейінді мамандар даярлау үшін резидентураға 60 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 650 грант бөлінген еді.

Биыл резидентураға 139 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 600 грант бөлу жоспарланып отыр. Айта кететін жайт, медициналық-техникалық жарақтандыру бойынша биыл медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жалпы сипаттағы трасферттер есебінен 6 млрд теңге қаржы қарастырылып, 17 дана ауыр медициналық техника алу жоспарланып отыр.