Түркістанда салынатын нысандардың тізімі жасалды

381

Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері біраз шаруаның басы қайырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір көне шаһарда ойын-сауық орталықтары мен қонақүйлер және өзге де ғимараттардың құрылысы жүріп жатыр. Елбасының тапсырмасына орай 30 жоба бекітіліп, салынатын нысандардың тізімі жасалды. Оның 16-сы өңірлердің қатысуымен іске асырылса, қалғаны ұлттық компаниялар мен демеушілердің есебінен салынады. Түркістан қаласының 2018-2021 жылдарға арналған даму концепциясы бекітілді. Енді рухани шаһар Елбасы белгілеп берген үш аймақ бойынша дамиды. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстар мен болашақта Түркістанның қалай түрленіп, түлейтіні жайында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың өзі айтып берді. Алғашқысы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан тарихи аймақ. Онда амфитеатр, су бұрқақтары, мәдени демалыс орындары және ашық аспан астындағы мұражай ғимараттары бой көтереді. Екіншісі – келген туристер мен зияратшылар алаңсыз аралап, демалуға арналған тарихи-рухани аймақ. Онда 10 шақты нысан бой көтереді.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Түркі дүниесінің орталығы, Ясауи музейі, Ұлы дала елі мұражайы, қазақ халқының ұлы тұлғалары хандар мен билер орталығы осылардың барлығы осында салынады. Сонда келген зияратшылар тек қана кесене жайлы емес, Түркістан жайлы, Түркі дүниесі жайлы жан-жақты мәлімет алатын болады. Түрлі қолөнер шеберханалары, қонақүйлер, кафе, мейрамханалар салынғанда, осы жер арбат сияқты жаяу жүргіншілер қыдырып жүретін жер болады».

Үшіншісі – әкімшілік-іскерлік орталығы. Қазір мұнда да құрылыс жұмыстары басталды.

Бақтыбай Дүйсебеков, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары: «Біріншіден облыс әкімінің ғимараты салынады. Одан кейін облыстық басқармалар мен департаменттердің ғимараты салынады. Жоспар бойынша келесі жылы осы уақытта кіреміз деген жоспар бар. Сонымен қатар қасынан конгресхолл және драма театр салынады. Қазір 21 гектарды белгіленіп, жұмыстар жүргізіліп жатыр».

Қазір Түркістан шаһарындағы жаңадан құрылған «Отырар» мөлтек ауданында 660 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ өңірде 1700-ден астам азамат «Бизнес бастау» жобасы арқылы оқып, сертификат алған. Ал оның 584-ті –  шағын несиеге қол жеткізгендер.

Мұхит Отаршиев, облыстық ЖҚҮ және ӘБ басқармасының басшысы: «Еңбек және нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында Түркістан облысында қазіргі таңда 11 айдың қорытындысымен 63800 азаматты жұмыспен қамтыдық».

Сондай-ақ Түркістан қаласы туристердің де жиі аялдайтын орнына айналған. Биыл 1 млн 300 мыңға жуық саяхатшы келсе, 2025-ші жылға қарай олардың санын 5 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр. Қала үлкейіп, халқының саны да көбейген сайын инфрақұрылымдық қажеттіліктің артатыны белгілі. Мәселен, қазір Түркістан қаласының 12 пайызы көгілдір отынмен қамтылса, келер жылы газ тарту жұмыстары еселене түспек.

Шаһардағы қуат көзіне деген тапшылықты жою үшін тағы 3 шағын электр станциясы салынбақ. Сол кезде қаланың жарыққа деген қажеттілігі толық қамтамасыз етілетін болады.