Шымкенттіктер жыланның көбейгенін айтып шағымдануда

Шымкентте жылан көбейді. Осылай деп дабыл қаққан тұрғындар құтқарушыларды жиі шақыратын көрінеді. Бауырымен жоғалаушылар аулалардан бөлек, үй ішінен де табылып жатыр дейді тұрғындар. Тіпті адамға шабуылдайтындары да кездеседі екен.

Қарасу шағынауданының тұрғыны Бахтияр Атамұратов бірнеше күн бұрын үй маңынан жылан көргенін айтады. Сөзінше, кейінгі уақытта өзі де көршілері де бауырымен жорғалаушыны жиі байқаған. Жыландар адамдардан қорықпай, емін-еркін жүреді деген тұрғын  қауіпті жәндіктің көбейгенінен қорқып, балалары мен немерелерін аулаға ойнауға  шығарудан қалдық дейді.

Бахтияр Атамұратов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен жақында мазаратқа барған едім, сол жақта өзім көзіммен көрдім жыландардың жүргенін. Көршілерім де көріпті, жыландардың жүргенін, барлығы айтып жатыр қазір жыландар көбейіп жатыр деп. Қайдан шығып жатыр? Бірақ, ыстықтан деп те айтып жатыр. Ары бері өткенін көрдім, бірақ шабуыл жасап, шақты дегенді естімедім».

Ақ халаттылардың сөзінше, жыл басынан бері 4 адам жылан шағып ауруханаға түскен. Қауіпті жәндік науқастардың аяғынан шаққан.

Асылхан Мыңбосынов, Токсикология бөлімінің меңгерушісі: «Көбінесе бізге келіп түсетін науқастардың 90-95 пайызы десек болады шаққан кезде көбінесе аяғынан шағады. Жүріп бара жатқанда байқамайды қалады. Шаққан кісіні асықпай жатқызып қойып, аяғынан шағатын болса, аяғын сәл биіктеу қойып жатқызу керек. Шағып алған күнде шаққан жерді сорып тастауға болмайды. Пышақпен кесіп күйдіруге болмайды».

Жыланның көбейгенін құтқарушылар да жасырмайды. Себебі жыл басынан бері бауырымен жорғалаушыны көрдік деп 130-ға жуық тұрғын шақырған. Қауіпті жәндік әсіресе шөбі мол, тасы көп жер үйлердің ауласында кездесетін көрінеді.

Рахымжан Бекенбаев, Шымкент қаласы жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің басшысы: «2024 жылы жыл басынан бері 125 рет жылан оқиғасына шақыртылымға шықты. Оның 78-інде жыландар ұсталып, қауіпсіз жерге жіберілді. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 138 рет орын алған. Оның 91-інде жыландар ұсталып, қауіпсіз жерге жіберілген. Жылан ұстауға көбінесе Забадам, Сәуле, Азат, Самал, Қайнарбұлақ саяжайы,Тельман бөлімшесі тағы басқа шағынаудандарда орын алуда».

Мамандар ұсталған жыландардың ішінде улы түрлері де бар екенін айтады. Сол себепті, үйден немесе ауладан жылан көріп қалған жағдайда бірден 112 нөміріне қоңырау шалу қажеттігіні айтады. Сондай-ақ, ауланы ретке келтіріп, үйілген тастарды, ағашты және басқа қоқыстарды алып тастауға кеңес береді.