Шымкентте ұрпақты болу денсаулығы апталығы өтіп жатыр. Іс-шара аясында жастар денсаулық орталығының жұмысы таныстырылды. Орталық қызметіне жыл басынан бері 11 мың жас жүгінген.
Шымкентте 411 мыңнан астам бала бар, оның 70 мыңы жасөспірім. Мамандардың сөзінше, соңғы кезде жастар арасында репродуктивті денсаулыққа назар аудармау жиі байқалады. Сондықтан арнайы 10 күндік өткізіп, мамандар тұрғындарға кеңес беруді бастады. Ал әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі мұндай жайтты отбасылық құндылықпен байланыстырады.
«Балалар ата-анамызбен бұл тақырыпта сөйлесуге ұяламыз дейді. Ең бірінші баланың досы ата-анасы болу керек. Оны қалыптастыру да біздің мойнымызда. Ұят деген менталитетімізде бар нәрсе. Бірақ баланың келешігі үшін бұл ұят емес. Егер біз үйретпесек, сырттан сұрайды. Ол дұрыс айтпаса, онда балаңызды жоғалтып алғаныңыз», — дейді ҚР Президентiнiң жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі Айнұр Жүгінісова.
Жасөсірімдер арасында ерте жыныстық қатынас пен жүктіліктің алдын алуға бағытталған 5 орталық жұмыс істейді. Онда мамандар отбасын жоспарлау және контрацепцияның қауіпсіз әдістерін үйретеді. Сол арқылы ақ халаттылар келешек ұрпақтың саулығын қамтамасыз етуге үлес қосамыз дейді.
«Іс-шараның мақсаты халықтың репродуктивті денсааулығы туралы хабардар ету. Және салауатты өмір салтын насихаттау», — дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.
Айта кетейік, Шымкентте алғашқы үш айда жастар денсаулық орталығына 11 мыңнан аса адам жүгінген. Оның басым бөлігі 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірім. Мамандар бұл өскелең ұрпақтың репродуктивті саулығына баса назар аудара бастағанын білдіреді дейді.