500-ден аса жарнама тақтайшасын орнату үшін аукцион өтеді

29
Фото: Отырар.кз

Қалада жыл басынан бері 550-ге тарта жарнама тақтасы алынды. Ал қыркүйек айында 526 LED экранға жарнама құралын қою үшін аукцион өткізу жоспарланған. Ол арнайы базада өтеді.

Қалада заң талабына сай келмейтін 500-ден аса билборд алынып тасталды. Қазір LED экранды жарнама белгілері ғана қалған. Оның өзі уақытша тұр. Алдағы уақытта заңдастыру жұмысы жүргізіледі.

«Қалада 613 жарнамалық құрылғылар болатын. Оның 550-ге жуығы алынды. Оның бәрі кәсіпкер фирмалар тарапынан алынды. Қазір 10%-ы ғана қалды. Қазір заңға сәйкес келетіндері тұр. Алынып тасталған тақтайшалар заңсыз болған осы уақытқа дейін. Енді түсіндірме жұмысы жүргізіліп, кәсіпкерлер өздері алып кетті», — дейді Сыртқы жарнамаға рұқсат беру және мекен жайды тіркеу бөлімінің басшысы Нұрғали Бөрібеков.

Қыркүйек айында арнайы жарнама тақтайшасын қоюға болатын 526 жер аукционға шығарылады. 1 шаршы метрі 1005 теңгеден басталмақ. Бәс саудаға E-Qazyna2 платформасына тіркелген кәсіпкерлер ғана қатыса алады.

«Қала аумағында орналасқан 526 нүктелерге, яғни жарнамалық LED экранның орындарын аукцион арқылы ашық порталға енгізілді. Бұл бойынша 12 қыркүйек күні аукцион өтеді. Бұл шығарылып жатқан жердің бәрі кәсіпкерлік мақсатта. Сыртқы жарнамалық нысандарды қою үшін шығарып жатқан жер учаскесі. Аукционға қатысқан тұлғалар, жерді алған соң бекітілген талапқа сай жарнамалық нысанды рәсімдейді. Содан кейін барып, орната бастайды», — дейді Сыртқы жарнамаға рұқсат беру және мекен жайды тіркеу бөлімінің басшысы Нұрғали Бөрібеков.

Мамандардың сөзінше бұл өзгеріс қала сәулетіне көрік беру мақсатында жасалып отыр. Келешекте 3D форматындағы сенсорлы экрандар, экожүйеге сай келетін жарнамалық тақтайша орнату көзделген. Бұл ақылды қала жобасы негізінде жүзеге асып жатыр.