56 мыңнан аса балаға қаржылай көмек беріледі

17
фото: Отырар.кз

Елімізде 510 мың балаға мектепке киім мен оқу құралын алуы үшін мемлекеттік көмек беріледі. Ал үшінші мегаполисте 5 санатқа енетін 56 мыңнан аса оқушының тізімі жинақталып жатыр. Бұл науқан дәстүр бойынша 1 тамыздан 31-не дейін жалғасады.

Елімізде 510 мың балаға «Мектепке жол» акциясы аясында қаржылай көмек беріледі. Ал үшінші мегаполистік 56 мыңнан аса оқушыға киім-кешегі мен оқу құралдары үшін қалалық бюждеттен әр балаға 43 500 теңгеден бөлініп отыр. Қазір 2 мен 9 сынып арасындағы оқушылардың құжатын қабылдап, ақша аударуға дайындық жұмысы жүріп жатыр. Ал биыл мектеп табалдырығын аттайтын балалар немесе бітіруші түлектердің өтініші 20 тамыздан кейін орындалады.

 «2 млрд. 400 млн. теңге қарастырылған жергілікті бюджеттен. Осы бойынша әр мектептің қазір бухгалтериясына ақша аударып, отырғызып қойдық. Қазір құжаттарды қабылдап, ақшаны аударуды бастап жатыр. Бізде кешегі ақпарат бойынша 3 406 балаға ақша аударылды. 156 млн-дай аударылып бітті», — дейді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Әшірбек Әдеев.

Бұл қаражат әр өңірдің экономикалық мүмкіндігіне қарай есептеледі. Дегенмен ақшалай көмек 43 мың теңгеден төмен болмайды. Ол сомма 5 санатқа енетін балаға жауапты тұлға немесе ата-анасының жеке шотына аударылады. Олар:

— атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;
— ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар;
— жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
— төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан және басқа санаттағы балалар;
— қиын жағдайға тап болған, оның ішінде мүгедек балалары бар жағдайы төмен отбасылар.

Айта кетейік, мемлекеттен бөлінген қаражат тексеріссіз қалмайды. Науқан аясында түскен ақшаға тұрғындар есеп береді.

«Қазіргі таңда өңірлер мектеп жинақтарын сатып алу үшін ата-анасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың есепшотына қаражат аударуды бастады. Ата-аналар қажетті заттарды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты ұсынуы керек. Қаражаты алу үшін әр ата-ана директордың атына өтініш жазады», — дейді Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Ескеретін жайт, мемлекеттік көмек жекеменшік мектеп оқушыларына берілмейді. Сондықтан үшінші мегаполисте ол санаттағы білім ошағының басшылығы әлеуметтік топқа енетін балаларға көмекті өздері ұйымдастырып жатқан көрінеді. Ал демеушілер тарапынан 5 мыңнан аса балақайға киім-кешек пен оқу жабдығын беру жоспарланған.