Еңбекші ауданының гүлденуіне үлес қосқандар марапатталды

28
Фото: Отырар.кз

Конституция күні қарсаңында Еңбекші аудандық әкімдігі аймақтың гүлденуіне үлес қосып жүрген жандарды марапаттады. Онда облыстық филармония әншілерінің қатысуымен концерт өтті.

Патриоттық рух сыйлаған әнұранмен басталған кеш Еңбекші аудандық әкімдігінің бастамасымен өтті. Мұнда аймақ тұрғындарына облыстық филармония өнерпаздары музыкалық ән шашуын арнады.

Конституция күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концертте ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген 9 тұрғын марапатқа ие болды. Соның бірі Жалынбұзған елді мекенінің биі Әлімжан Досметов. 10 жылдан бері ауылдастарынан ақылын аямаған ақсақал, өз аймағы көпұлтты болғанына қарамастан бірлігіміз бекем дейді.

«2014 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мінекей, 10 жыл болды. Ауылым көп ұлтты, 7 ұлт мекендеген. Ынтымағымыз жақсы. Әрбір істі бөлінбей істейміз. Бізде қазақ, өзбек, татар, күрт, әзербайжандық бар. Бірақ бір іні-ағадай тұрамыз», — дейді Жалынбұзған елді мекенінің биі Әлімжан Досметов.

Мерекелік шараға Батыс өңірінде орын алған төтенше жағдайға ерікті ретінде көмек қолын созған кәсіпкерлер шақырылып, құрмет көрсетілді. Ал жауапты мамандар тұрғындарға құттықтауын жеткізді.

«Еліміздің басты мерекесі Конституция күніне орай ұйымдастырылып жатыр. Мұнда аудан тұрғыны мен қонақтары, көпбалалы аналар, кәсіподақ ұйымы шақырылды. Мереке қарсаңында Шымкент қаласының тұрғындарына бақыт пен байлық, жұмыстарына табыс, ынтымақ тілейміз. Мереке құтты болсын», — дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев.

Конституция күніне ұйымдастырылған шаралар тізбелі басталып кетті. Ал ертең Түркістан сарайында басты мерекелік концерт өткізу жоспарда бар.