Мерекелік кеш ашық аспан астында өтті

24
Фото: Отырар.кз

Шымсити саябағында ашық аспан астында мерекелік кеш өтті. Онда Абай ауданының көпбалалы аналары мен ел дамуына үлес қосып жүрген мамандар марапатталды. Шара соңы керемет концертке ұласты.

Әсем әуен, әуезді күй Шымсити  аспанын әнмен тербеді. Конституция күніне арналған аудандардың мерекелік кешін абайлықтар түйіндеді. Іс-шара барысында заң саласының мамандары мен көп балалы аналар құрметке бөленді. Соның бірі Махаббат Тәпиева. 20 жасында тұрмыс құрған ана қазір 7 баланы тәрбиелеп отыр.

«Қазір 35-темін. Күйеуге шыққаныма 15 жыл болды. Отбасы құндылығы керемет сезім ғой. Балаларымызды өз орнына қондырсақ, ата-ана үшін одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын. Балаларымыз жақсы тәрбие алып өссе деп еңбек етіп жатырмыз», — дейді  «Алтын алқа» иегері Махаббат Тәпиева.

Абай ауданында 18 мың көпбалалы отбасы бар. Бүгін тағы 8 анаға Алтын алқа мен Күміс алқа табысталды. Ал марапат соңы керемет кешке ұласты.

Ашық алаңқайда өткен мерекелік концертке келушілер қарасы қалың. Олар әннен ерекше әсер алып жатқанын айтады.

«Концертіміз өте тамаша өтіп жатыр. Осындай кештер бола берсін. Бәрімізді қуанышқа бөлеп жатыр»;
«Концерт күшті өтіп жатыр. Жақсы көңіл-күй сыйлауда. Мына құмда ойнап жатқанбыз. Әнді естіп сол жақтан келдік»;
«Әрине, ән ұнап жатыр. Концерт үшін Самалдан арнайы келдік», — дейді қала тұрғындары.

Ал аудан әкімі барша қала тұрғындары мен қала қонақтарын мерекемен құттықтады.

«Мерейлі мереке, ҚР Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің Ата Заңы және «Жаңа Қазақстан» жетістіктерінің кепіліне айналды. Тиімді құқықтық жүйені орнықтыру арқылы біз экономикалық өсу, қоғамның әл-ауқатының өсуіне қол жеткізіп отырмыз», — дейді Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан.

Айта кетейік, ертең қаланың бірнеше жерінде мерекелік іс-шаралар өтеді деп жоспарланған.