Қала әкімінің көшпелі кездесуі өтті

49
фото: Отырар.кз

Шымкент қаласының әкімі кезекті көшпелі кездесуін өткізді. Ашық алаңда ұйымдастырылған жиынға мәселесін айта келген халықтың қарасы қалың. Олардың бірі тұрғын үйінің проблемасын айтса, енді бірі жеке басына қатысты мәселе көтерді.

Қала әкімінің бүгінгі көшпелі кездесуі 17 шағын ауданында басталды. Мегаполис басшысына мәселесін жеткізуге оқталған халықтың қарасы қалың. Олар тіпті Ғабит Сыздықбековті ортаға алып, кезек күтпестен базынасын жеткізе бастады.

«Үйім шіріп жатыр. Қорасы құлап жатыр. Баспанам қырда орналасқан. Менің учаскім үлкен. Үй жағыма су келіп жатыр. Құлап қалуға сәл-ақ қалып тұр. Әл-Фараби ауданының әкімі келіп көрген кезінде. Нәтиже жоқ», — дейді қала тұрғыны.

«Көршілерінің үйін университет ақша бөліп сатып алған. Ол Достық университеті. Үйлер қырла орналасқан. Ол кезде бұл кісілер үйлерін сатпай қойған. Енді сол жерге арзан баға беріп жатыр. Бұл кісі сатамын дейді. Ал олар ойланып жатыр», — дейді Әл-Фараби ауданының әкімі.

Ал жасы 70-ті еңсерген әжей өзі тұратын тұрғын үйдің қазіргі жағдайына наразы. Сөзінше Теріскей шағын ауданындағы көпқабатты нысанның жаңбыр жауса төбесінен су өтіп кетеді. Тесікті өз қаражаттарына қаншама рет жамағанмен, нәтиже жоқ. Сондықтан мәселені қала басшысының өзіне айтуды жөн санапты.

«Үйдің пайдалануға берілгеніне 40 жыл болған. Үйдің төбесінен су ағады. Жеке қаражатымызға жөндедік. Біздің үйдің төбесіне бөлінетін қаржыны қарастырар кезде осы 17 шағынаудандағы нөмері 16 үйдің жоспарын көшіріп алып, қоя салған. Ол үй үлкен, ал біздің үй 2 подъездтен ғана тұрады. Екеуінің ақшасы екі түрлі. Ал енді жоспар бекітіліп қойған деп, орындамай отыр. Бұл мәселені көтеріп, Әл-Фараби ауданы әкіміне барғанбыз. Жауаптылардың бәрі біледі», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Тұрсынкүл Дүйсенбиева.

Ал жауаптылар биыл бюджеттен 11 тұрғын үйдің ғана шатырын жөндеу жұмысына қаражат бөлінгенін айтады. Ал Тұрсынкүл Дүйсенбиева көтерген мәселе модернизациялауға құжаттары толық тапсырылғанда ғана шешіледі дейді мамандар.

«11 тұрғын үйге ақша бөлінді. Бірақ Шаяхметов 16в ол тізімде жоқ. Модернизация үшін тұрғындардың 70 пайызы келісім беріп келу керек», — дейді Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев.

Қала басшысының тұрғындармен кездесуі Қарасу шағын ауданында жалғасты. Мұнда тұрғындар тозығы жеткен тұрғын үй, жол құралысы, ойын алаңшасының жеткіліксіздігі сынды проблемны көтерді. Ал ерекше күтімді қажет ететін бұл ару, демалыс орнында мұмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жоқ екенін жеткізді.

Тұрғын назына құлақ түрген Ғабит Сыздықбеков жауапты маманға демалыс аймағына пандус қоюды тапсырды.

Ал жергілікті ақсақал Қонаев даңғылының құрылысы әлі күнге созылып, тұрғындар тұрмысына кедергі келтіре бастағанын жеткізді

Ашық алаңда өткен кездесу кезінде назын айта келген халыққа басқарма басшылары, аудан әкімдері де жауап беріп, кей азаматтарды жеке қабылдауға шақырды. Ал мұндай форматтағы жүздесу 10 тамызға дейін жалғасады.