Итті аяусыз ұрған орталық қызметкеріне үкім шықты

1

Шымкентте 1,5 метрлік темірмен итті аяусыз ұрып, аса қатыгездік танытқан орталық қызметкеріне үкім шықты.
Ер кісі Қылмыстық кодекстің 316-бабы 1-бөлігі жануарға қатыгездікпен қарау бабымен айып тағылды. Сотта оның кінәсі дәлелін тапты.

Алтын Білтебай, Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы: «Бір итті бас тұсынан, денесінен бірнеше рет соққы жасап, жарақат салған. Яғни оның мертігуіне алып келген, қатыгездікпен қараған. Аталған оқиға бойынша кінәлі деп танылып, оған 60 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды. Сотталушының жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Жеңілдететін мән-жайларға шын ниетпен өкінуі және жас балаларының болуы танылды».

Еске салсақ, оқиға 27 тамыз күні Шымкенттегі қараусыз қалған жануарларды уақытша ұстау орталығында болған. Кейіннен ер адамның осы жағдайдан кейін жұмыстан қуылғаны белгілі болды.

Сонымен қатар, сот осы іс бойынша Шымкент қаласы әкімінің атына «Ветеринарлық қызмет» мемлекеттік коммуналдық қызметінің және Шымкент қаласы бойынша қараусыз қалған жануарларды оқшаулау орталығының басшыларына қатысты тиісті шаралар қабылдау жөнінде жекеше қаулы шығарды. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.