Байтұрсынов көшесіндегі кептеліс әбігерге салып отыр

4

Шымкенттегі Байтұрсынов көшесі қаланың негізгі артерияларының бірі десек қателеспейміз.

Мұнда қоғамдық көлік көп қатынайды. Есесіне кептеліс те жиі орын алады. Жүргізушілер мен жолаушылар, әсіресе, «Студенттер» аялдамасының жоғарғы жағында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағынан пайда болатын кептеліс әбігерге салып отырғанын ашына айтуда.

Оқу жылы басталғалы Байтұрсынов көшесімен қатынайтын көлік жүргізушілері мен жолаушыларды мына жаяу жүргіншілер жолағынан өту әбден әбігерге салып отыр. Кептелістен қажыған жолаушылар жұмысына кешіксе, ал қоғамдық автобусты тізгіндегендер кестеден қалып жүруге мәжбүр. Солардың бірі – жүргізуші Асқар Оразов. Қоғамдық көлік тізгіндеген ол қазірдің өзінде 9 минутқа кешігіп келе жатқанынан айтады.

Асқар Оразов, автобус жүргізушісі:»Басты проблема мына жаяу жүргіншілер жолағынан «Болашақ» мектеп колледжінің оқушылары 8- 9 аралығында көптеп  өтеді. Ешқандай маман мұнда тұрмайды. Ләжі болса жол инспектрлерін қойса, адамдарды топ-топпен жинап өткізсе, мынандай кептеліс болмас еді».

Бұл маңда балалары балабақшаға баратын ата-аналар жаяу жүргіншілер жолағынан жанымызды шүберекке түйіп өтеміз дейді. Ал екі бірдей баласы балабақшаға баратын қала тұрғыны Шолпан Шардарбекова көлікті жолда қалдырып, бақшаға дейін біраз жаяу жүруге тура келеді деп отыр. Өйткені мектепке дейінгі ұйымға көлікпен жету үшін кептелісте ұзақ тұру қажет.

«Кептелсітің салдарынан балабақшаның алдына  кіре алмаймыз,  осында көлігімізді тастап жүруге мәжбүрміз» деді  Шолпан Шардарбекова.

Қала тұрғыны Раушан Сәуленбекова да дәл осы жаяу жүргіншілер жолағына келгенде, кептелістің көкесі болады деп ашынды. Соның салдарынан үйден қанша ерте шықсақ та жұмысқа кешігіп жүрген күндеріміз жетерлік дейді ол.

Раушан Сәуленбекова, қала тұрғыны: «Күнделікті автобуспен келемін. Басқа жаққа да өтеміз ғой. Өмірі мына жерде кептеліс.  Менің ойымша ол жерге бағдаршам қою керек«.

Қаладағы №27, №104, № 126, №35 бағыттардағы автобустар Байтұрсынов көшесіндегі осы бөлікте тұралап кестеден кешігетінінен көлік компаниясының басшылығы да хабардар. Айтуынша, кептелісті болдырмаудың бір жолы — Республика даңғылындағыдай жол ортасына темір қоршау орнату.

Әбдібек Үкібаев, көлік компаниясы  директорының орынбасары: «Бұл мәселені жолдың осы бөлігін бағдаршам мен өткелге дейін темір қоршау қою керек. Әйтпесе 100 метрде бағдаршам ол жақпен ешкім жүрмейді. 200-250 метрде жер үсті өткелі бар«.

Әзірге жаяу жүргіншілер жолағынан туындап отырған бұл кептеліс мәселесінің қашан шешілетіні белгісіз. Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасындағылар түйткілдің түйінін шешуді қарастырып жатырмыз деуден әріге бара алмады. Шешімін тапқан соң өзіміз бір хабарын айтамыз деп қысқа ғана қайырды.
Айта кетейік, ғалымдардың зерттеуінше, кептелісте көп тұру адам денсаулығына зиян. Өкпе ауруларының туындауына әкеп соғуы мүмкін. Демікпесі барлар үшін кептелісте тұру тіптен қауіпті екен. Сонымен қатар жолда ұзақ тұрып қалу ашушаңдық, көңіл күйдің бұзылуы, тіпті күйзеліске әкеп соғуы мүмкін.