Үлкенін құрметтеген елдің еңсесі биік, керегесі кең болары сөзсіз. Сол саналы салттан алыстамау мақсатында бүгін Түркістан облысы Мақтаарал ауданында Ішкі істер қатарында отыз жыл абыроймен қызмет атқарып, қиын уақыттарда өзінің табандылығының арқасында полиция бөлімінің ғимаратын салдырып, кейінгі шәкірттерінің жүрегіне ізгіліктің, іскерліктің, адалдықтың дәнін еккен милиция полковнигі Сапаралы Жанабеков атындағы полиция сыныбы ашылды.
Жастар арасында қаhармандық пен ержүректілікті дәріптеу мақсатында Мақтаарал ауданы орталығының С.Рахимов атындағы жалпы орта мектептен ашылған «Жас сақшы» сыныбының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанкулова, Полиция департаментінің тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, Полиция департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ердаулет Амантаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бөлебай Құнанбеков пен Сапаралы Жанабековпен бірге қызметтес болған әріптестері, замандастары мен туыстары қатысты.
Шарада сөз алған полиция полковнигі Мақсат Асқаров: Еліміздің барлық өңірлерінде, жергілікті жерлерде «Жас сақшы» полиция сыныптары ашылуда. «Жас сақшы» полиция сыныбын құру –Ішкі істер министрлігінің басым жобасы және ең алдымен жастарды патриотизм мен отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге, мектеп ортасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен мамандық таңдауда көмек көрсетуге бағытталғандығын айтып өтті.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы: Еткен еңбектің еленгені кімге де болса қуаныш, көңілге үлкен медет сыйлайтыны анық. Ішкі істер бөлімін 14-жыл бойы басқарған Сапаралы ағамыздың Елге жасаған еңбегі баршамызға өнеге, темірқазықтай айқын бағыт-бағдар беретіндігін тебірене айтты.
Жиын соңында полиция бөлімінің бастығы Ердаулет Дарханұлы балаларды Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты тәрбиелеуде бұл полиция сыныбының ықпалы орасан зор екендігін айтып, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.