«Оңтүстік Жарық Транзит» инвестбағдарлама аясында трансформаторларды жаңартып жатыр

29

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і инвестициялық бағдарлама бойынша Қазығұрт шағынауданында электрмен жабдықтау жүйесін жаңарту жұмыстарын аяқтады. Жоба аясында жаңа электр желілері тартылып, бірнеше трансформаторлар орнатылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан тұрғындары сапалы және тұрақты электрмен қамтамасыз етілді.

Қазығұрт шағынауданының аумағында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС компаниясы кабельдік және әуе желілерін қоса алғанда, 70 шақырымнан астам жаңа электр желілерін тартып, трансформаторлар орнатты. Тағы 18 трансформатор ауыстырылды және төрт қорғаныс құралы қайта құрылды. Бұл жұмыстар күзгі-қысқы маусымға дайындық кезеңінде үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету аясында жүргізіліп жатыр.

Қанат Жанақбаев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і Абай аудандық электр желісінің бас инженері: «Инвестициялық бағдарлама аясында біраз жоспарланған жұмыстар жүргізілуде, күзгі және қысқы маусымдарға дайындық аяқталды. Жұмыс барысында жаңадан 10 трансформатор ауыстырылды, оған қоса Қазығұрт және Абай микроаудандарында 13 нысанда СИП жұмыстары жүргізілуде. СИП орнатылатын бөлімдерде шамамен 1400 тұрғын бар. Жалпы, тұрғындарға сапалы жарық беру жұмыстары атқарылып жатыр».

Компания қаладағы инфрақұрылым желілерін белсенді түрде жаңғыртуда. Шағынаудан тұрғындары оң өзгерістерді байқап, атқарылған жұмыстар үшін алғысын білдірді.

Мақсат Бердахметұлы, Қазығұрт шағынауданының тұрғыны: «Былтыр 3 ауысты, биыл бесеу ауысып жатыр. Трансформаторлардан бөлек, қанша жаңа бағаналар қойылып жатыр. Қанша СИП тартылып жатыр. Жұмыс бұрынғыға қарағанда күшті жүріп жатыр. «Оңтүстік Жарық Транзитке», басшыларына, энергетика мамандарына алғысымыз өте көп, рахмет! Тек қана менің атымнан емес, Қазығұрт елдімекенінде 40-50 мың тұрғыны бар, соның барлығының атынан рахметімізді айтамыз!»

Қондырғылары жаңаланған автоматтандырылған қосалқы станцияда жұмыс істеу жеңілдеді. Сонымен қатар, қаланың бірнеше аудандарын электр қуатымен қамтамасыз ететін №5 қосалқы станцияда қуаттылығы 40 000 кВА болатын жаңа трансформаторлар ауыстырылды, бұл 60 мың тұрғын үшін электрмен жабдықтаудың сапасын жақсартты.

Диас Маратов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС жетекші инженері: «Қазіргі заманның талаптары мен қажеттілігіне сәйкес біз жыл сайын сапалы электрмен қамтамасыз етуді қамтамасыз етеміз. №5 қосалқы станциясы әлеуметтік маңызы бар нысандарды, кіші және орта бизнес мекемелерін, Солтүстік, Шығыс, Наурыз, Отырар, 17-ші, 18-ші микроаудандарды электр қуатымен қамтиды. Т1 және Т2 трансформаторларын жаңартып, 40 000 кВА қуаттылықтағы трансформаторларды орнаттық. Физикалық тұрғыдан тозған майлы трансформаторлар заманауи ВБ 35 типті газды трансформаторларға ауыстырылды. № 5 қосалқы станциясы шамамен 60 000 тұрғынды қамтиды»

Қосалқы станциядағы заманауи қондырғыларда білікті мамандар жұмыс істейді. Жүйеде ақаулар орын алса, барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып электр энергиясын өшірмей-ақ трансформаторларды қайта қосу арқылы жұмысты жүргіземіз дейді энергетиктер. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і инвестициялық бағдарламасы Шымкент қаласының шағынаудандарын тұрақты электрмен жабдықтауға кепілдік бере отырып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруды жалғастыруда.