Сарыағаш ауданында тозығы жеткен электр жүйелері жаңартылуда

579

«Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігі Сарығаш ауданында жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, электр жүйелерін жаңалап жатыр.

Компания бұл жұмыстарды өзінің инвестициялық бағдарламасы аясында өз қаражатына жүргізуде. Сонымен қатар, қайта жаңғырту жұмыстары барысында Сарысудан сонау Әлімтау ауыл округін жалғайтын қосалқы станцияны электр энергиясымен қамтамасыз ететін жоғарғы кернеулі 35 киловольттік желі жаңартылуда.

«Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің 2020 жылға жоспарлаған қайта жаңғырту жұмыстары Сарыағаш ауданында қарқынды жүргізілуде. Инвестициялық бағдарлама аясында Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында ескірген ағаш бағаналары темірбетон бағаналарымен алмастырылып, кернеуі 0,4 киловольттық сымдар жаңалануда. Абылайхан көшесінің тұрғындары енді сапалы электр жарығын үздіксіз алатын болдық деп ризашылықтарын білдіріп жатыр.
Ихлас БУРИЕВ, Сарыағаш ауданы, Ынтымақ ауылының тұрғыны: «Жел болса, тұйықталу болып, трансформатор жанып кететін, 2-3 күнге дейін  электр жарығы болмайтын, қиыншылықтар болды. Енді міне жаңа трансформаторлар орнатылып, сымдарды, бағаналарды ауыстырды. Енді, «проблема» азаяды деген үміттеміз».

Дәл осындай қайта жаңғырту жұмыстары Жартытөбе ауылдық округіне қарасты 4 елдімекенде жүргізілді. Дербісек, Жонарық ауылдарында кернеуі 10 киловольттық, ал Қызыл жар мен Дарбаза ауылдарында 0,4 киловольттық тозығы жеткен сымдар мен оның бағаналары жаңаланды.
Сәкен РАХЫМЖАН, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС Сарыағаш аудандық электр жүйелерінің бас инженері: «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС инвестициялық бағдарламасы бойынша Сарыағаш қаласы және Қапланбек елдімекенінде жалпы ұзындығы 11 шақырым сымдары толығымен жаңа изоляциялық СИП сымдарына, ағаш бағаналары темірбетон бағаналарына ауыстырылды. Жабық трансформаторлық, қосалқы станциясы КТПН Сарыағаш қаласында 1 дана, Қапланбек ауылында 2 дана, Дербісек елдімекенінде 3 дана қойылды».

Энергетиктердің айтуынша, компанияға қарасты желілер тек ел арасымен ғана емес, мынадай ми дала арқылы да айналып өтеді екен. Жоғары кернеулі 35 киловольттық электр желісі Сарысудан сонау Әлімтау ауыл округінде орналасқан Малайқұдық қосалқы станциясын электр энергиясымен қамтасыз етеді. Энергетиктер мұндай ми далада кернеуі жоғары желілерді алмастыру көп күш пен біраз төзімділікті қажет ететінін айтады.
Арслан ЖҮНДІБАЕВ, «ОңтүстікЖарықТранзит» Сарыағаш аудандық электр жүйелерінің  қызметкері: «Малайқұдық 35 киловольттық Әлімтау мен Сарысудың арасын жалғайтын опораларды инвестбағдарлама аясында алмастырып жатырмыз. Бізде қазір үш бригада істеп жатырмыз Шымкенттен,Шардара, Сарыағаштың  мамандары, 11,2 шақырым жердегі бағаналар мен сымдарды ауыстырдық».

«Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі қабылдаған инвестициялық бағдарлама аясында келер жылы 11,2 шақырым, ал 2022-2023 жылдары 22,4 шақырым, жалпы 35 кВ электр желінің 50 шақырымы толығымен жаңаланады. Осылайша энергетиктер ескірген электр жүйелерін кезеңімен алмастырып, халықты сапалы электр жарығымен қамту бағытында ауқымды жұмыс атқаруда.

Шынар Оразова