Шымкентте заңсыз құрылысқа қатысты 47 объект анықталды

274
фото Отырар.кз

Шымкенттегі заңсыз құрылыстар, оларға салынған айыппұлдар мен бұзылған объектілер қанша? Газ техникалық инспекциясы қандай жұмыстар атқаруда? Осы және басқа сауалдарға Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқарма басшысының
орынбасары Мәлік Әбдінұров жауап берді.

– Алдымен бұл басқарманың атқаратын міндетін таныстырудан бастасаңыз…

– Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының негізгі бағыттарының бірі – сәулет, құрылыс бақылауды жүзеге асырамыз. Және құрылыс қызметі субъектілерін лицензиялау және мамандарды аттестаттау, тұрғын үй инспекциялық сұрақтарды және газ техникалық инспекция жұмыстарын қараймыз.

– Жыл басынан бері қанша заңсыз құрылыс анықталып, кімдерге қанша айыппұл салынды?

– Қала аумағында заңсыз құрылысқа қатысты 47 объект анықталды. 113 әкімшілік-құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 22 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Аудандар бойынша айтатын болсам, Абай ауданында 10, Әл-Фараби ауданында 14, Еңбекші ауданында 5, Қаратау ауданында 11, Тұран ауданында 10 заңсыз құрылыс анықталды. Мұның ішінде сауда нысандары да, жеке тұрғын үйлер де бар. Заң бойынша бәріне хаттамалық тапсырма берілді. Олар бәрін заңға сәйкестендіру керек. Егер ондай жұмыстар атқарылмайтын болса, сот арқылы құрылысты бұза аламыз.

– Шымкентте сондай құрылыс бұзылған жағдайлар болды ма?

– Әрине, болды. Жыл басынан бері 3 объектіні бұзу жұмысын атқардық. Бірден бұза салмаймыз, міндетті түрде ескерту жасалады. Сосын заң талабына сәйкестендіру үшін уақыт беріледі. Егер оны да елемесе, жағдай басқаша болады.

– Шымкентте көп қабатты тұрғын үйлер көп салынып жатыр. Ал біздің қаламыз жер сілкінісі қаупі бар аумаққа жатады ғой. Салынған және салынып жатқан үйлердің жер сілкінісіне төзімділігін қалай бағалайсыз? Құдай сақтасын, дегенмен балы жоғары жер сілкінісі бола қалса, үйлер шыдас бере ме?

– Ол күрделі мәселе. Біздің көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы алдымен арнайы сараптамадан өтеді. Сол кезде осы сейсмикалық талаптың бәрі қарастырылады. Құрылыс салынған кезде бұл талап сақталады. Оның сапасын біз қадағалаймыз. Сондықтан мен шыдас береді деп айта аламын.

– Газ техникалық инспекциясына қатысты не айтқыңыз келеді?

– 2020 жылы біздің басқармада газ техникалық бөлімі ашылды. Бұл бөлімнің жұмысы – халықты табиғи газды дұрыс пайдалану бойынша ақпараттандыру. Үйдегі газ құрылысы талапқа сай және де заң аясында пайдалану керек. Өкінішке қарай бізде улану фактілері бар. Осындай жағдай болдырмау мақсатында газ техникалық инспекция мамандары аудан әкімдіктерімен және төтенше жағдайлар қызметкерлерімен, басқа да құзырлы органдармен бірлесіп, насихаттау жұмысын жүргізеді. Осы орайда айта кететін бір жайт, газ тұтынушылар үйінде газды іске қоспас бұрын қаламыздағы арнайы мамандандырылған мекемелермен міндетті түрде келісімшартқа отыру керек. Сонда ол мекемелер бір жыл көлемінде арнайы тексеріп тұрады, басқа да қауіпсіздікке қатысты жұмыстарды атқарады.

– Егер өзіңіз айтып отырған мекемелермен келісімшартқа отырмаса не болады?

– Мұндай жағдай болса, заң бойынша ол үйге газ берілмейді. Заңда 19-тармақтың 5-тармағы бойынша бұл арнайы көрсетілген.

– Газ техникалық бөлімі тарапынан жүргізілген тексерісте тұрғындар нені көп ескермей жатады?

– Ең жиі кездесетін көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары газ жабдықтары мен плитасын балконға шығарады. Мұндай істі кәсіби маманды шақырып жасатпайды, өз білермендікке салынып, өздері жасайды. Бұл үлкен қателік. Осындай жағдайдан да улану фактілері болып жатады. Жыл басынан бері 87 абонентке осындай іс жасағаны үшін шара көріліп, 11 миллионға дейін айыппұл салынды. Егер айналаңызда осындай өз білермендігімен газ жабдықтарын балконына шығарған жағдайды байқасаңыз, бізге хабарласуыңызға болады. Әкімдікке хабарлассаңыздар да болады, тек арызда сол үйдің мекенжайы толық көрсетілсе болғаны. Біз тексеріс жүргізіп, заңдылығын анықтаймыз. Бізде қазір қала әкімінің тапсырмасымен газ техникалық құрал деген құрамында 50 адам бар мекеме ашылды. Олар дәл осы жылу маусымы алдында газ тұтынушыларға барып, түсіндірме жұмысын атқарады.

– Қазір жеке меншік компаниялар газ қауіпсіздігін сақтау бойынша қызмет көрсетеміз деп, үй-үйді аралап, жылына бір рет ақша төлеп отыруға келісімшарт жасауды ұсынады. Бұл қаншалықты заңды?

– Иә, сенуге болады. Олармен келісімшартқа отыру керек. Олар алдымен келісімшартқа отырады. Содан кейін газ жабдықтарының бәрін тексереді. Жыл бойы қадағалайды. Бұл мекемелермен келісімшартқа отырмаса газ берілмейді. Сондықтан оларға сенуге болады.

– Мемлекеттік бюджет есебінен салынған үйдің сапасын, барлық техникалық талапқа сай салынғанын кім тексеріп, қабылдап алады? Тапсырыс беретін мемлекеттік мекеме ме, әлде басқа ма?

– Мемлекеттік бюджет арқылы салынып жатқан объектілер бюджет ақшасына салынып жатқандықтан қалалық құрылыс басқармасы сапасын қадағалайды. Арыз түссе, құрылыс кезінде ақау анықталса, біз барамыз, өз міндетімізді атқарамыз. Ал енді бюджеттен тыс салынып жатқан объектілер болатын болса, ондай жағдайда тапсырыс берушілер қадағалайды. Олардан да арыз түсетін болса, біз прокуротура рұқсатымен тексеріс жұмысын атқарамыз. Бұл бағытта арыз өте көп түседі. Біз міндетімізді орындаймыз.

– Көп қабатты тұрғын үйлердегі лифт сапасына және сыйымдылығына қатысты қандай талаптар бар?

– Бұл да өте күрделі мәселе. Біріншіден Қазақстанда сертификатталған лифт болу керек. Екіншіден, статикалық және динамикалық сынағын біздің мекеме арқылы өткізеді. Лифт жұмысын қабылдауды да біздің мекеме арқылы өткізеді. Бұл процестің бәрі электронды түрде жүргізіледі. Осы процестің бәрінен өткен соң, лифт тұрғындар меншігіне өтеді. Сол кезде тұрғындар лифт қызметін көрсететін мекемелермен келісімшартқа отыруына болады.

– Ескі үйлердің тозған лифтісін ауыстырып, жарамдылығын тексеру бойынша не істеуге болады?

– Қалада лифтісі 25 жыл пайдаланылған үйлер бар. Ал лифтінің қолдану мерзімі 25 жыл. Мерзімі өткен соң, оны ауыстыруға мүмкіндік бар. Біріншіден, тұрғындар өзі қаражат жинап, ауыстыруға болады. Екіншіден, лифт қымбат болғандықтан мемлекет оған жәрдем береді. Модернизация деген бағдарлама арқылы да ауыстыруға болады. Мемлекет адамдарға 5 пайызбен кредит береді. Адамдар ай сайын ақшасын төлеуге болады. Биыл 26 лифтіні ауыстыруға қаражат бөлінді.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР