Қала әкімі: “Заңсыз құрылысқа жол бермеу керек»

36

Жыл басынан бері 48 құрылыс нысанына қатысты тексеру тағайындалып, 139 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған. Бұл туралы Шымкент әкіміне есеп берген қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы мәлімдеді.

Айтуынша, 20 техникалық қадағалаушы, 2 авторлық қадағалаушы, 2 жобалау сарапшы және 1 техникалық қадағалаушы мекеме жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, қала аумағында орналасқан заңсыз құрылыстарды бұзу туралы жолданған талап арыздар бойынша сот шешіміне сәйкес, 8 заңсыз құрылыс нысан бұзылған.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер телімі иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде, мемлекет меншігіне өз еркімен жалпы алаңы 303,3385 га 6 жер учаскесі қайтарылғанын айтты.

Ал қала басшысы заңсыз құрылыстарға жол берілмеуі керектігін жеткізді. Ол сапаға тікелей ықпал ететінін ескертіп, заң нормативтерінің сақталуын қатаң бақылауды тапсырды.

 Мөлдір Ибадуллаева