Үй арасын заңсыз құрылыс алаңына айналдырған

113

Шымкентте жылдар бойы кезекте тұрып, биыл ғана жалдамалы пәтерге қол жеткізген мүгедектер мен көп балалы отбасылар опық жеп отыр. Себебі, мемлекеттік бағдарламамен үй салған компания ғимараттардың арасын заңсыз құрылыс алаңына айналдырған. Оңалту орталығын саламыз дегендер тіпті үлкен шұңқыр қазып, бассейн ашпақшы екен. Салдарынан, жарты жыл ғана болған үйлер шөгіп, қабырғасында сызат пайда болған.

Шымкенттегі «Астана» шағынауданынан бой көтерген  9 қабатты бұл үйлер желтоқсан айында ғана пайдалануға берілген. Ғимаратты үй кезегінде жылдап тұрған мүгедектер мен көпбалалы отбасылар жалдамалы пәтер ретінде енді алып жатыр. Бірақ, жаңа  қонысқа қуанып жүргендер көрінбейді. Себебі, үш үйдің ортасында құрылыс тоқтаған емес. Екінші қабаттағы терезелерді темір шатыр көлегейлеп, баспаналарға қауіп төніп тұр дейді тұрғындар.

Айжан Мұсақанова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қарапайым өрт қауіпсіздігіне мүлдем сәйкес емес қой. Өрт бола қалса мамандар екінші қабатқа дейін ғана көтеріледі. Ал, 5-ші не 9-шы қабаттан шықса қайтпекпіз. Одан қалса құрылыстың темір шатыры терезелерімізді толықтай жауып тұрады. Оның үстіне қар мен жаңбыр суы терезе арқылы үйімізге кірмей ме?».

Құрылысшылар үйлердің ортасында үлкен қауыздар болады деп ашық айтыпты. Тұрғындардың сөзінше, мына қалың бетон астында үлкен шұңқырлар бар екен. Салдарынан, берілгеніне жарты жыл енді ғана болған көпқабатты үйлер қисайып барады дейді.

Нағима Өтенова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ертең ол бассейннен көгерген иіс шығады. Басқа болады. Су қайда кетеді деген нәрсе біздің ойымызда. Біздің әрең жеткен үйімізді ертең отырып қалса бізге үкімет қайтадан үй бермейді ғой. Сосын кімге беріп жатыр, оны да ойлану керек шығар. Мүгедектер тұрып жатқандар. Бізге білгендерін істей беруге болмайтын шығар».

Ал, құрылысты салып жатқан «Атамекен»  компаниясы үйдің бірінші қабаты коммерциялық мақсатта пайдаланылады дейді. Сондықтан бұл жер оңалту орталығы болады деп ашық айтты. Ал, қауыз мәселесіне қатысты нақты жауап бере алмады.

Бауыржан Әлібеков, «Атамекен» корпорациясы басшысының орынбасары: «Біздің қазіргі ойымыз оңалту орталығын салу. Ары қарай салып біткеннен кейін бұл жерде қажет етеді ме, етпейді ме оның әлі сұрақтары бар ғой енді.

– Егер қажет болмаса сүріп тастайсыздар ма мұның бәрін?

– Жоқ, сүрілмейді.  Оңалту орталығы болса бассейн болады деген не бар ғой енді. Оны енді көреміз енді».

Бұл компанияға құзырлы орындардың да тісі батпайтын сияқты. Себебі, тиісті басқарма салынып жатқан құрылыстың заңсыз екенін айтып үй арасындағы жерді пайдалануға рұқсаты жоқ деген шешімді де шығарған. Бірақ оны орындап жатқан ешкім жоқ.

Досхан Садықов, Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы: «Заңсыз дегенде бұл жерде тиісті құжаттарсыз, яғни тиісті құқықсыз, біріншіден. Одан кейін жобалау  техникалық сметалық құжатсыз салынған. Ол екінші шарасы. Сотқа жіберілгені сәулет-құрылыс басқармасын хабарландыру керек осы жерде құрылыс жүргізіліп басталғаны туралы. Сол талаптар орындалмаған. Ол бойынша шара көрілген».

Ал, көрілген шарасы 148 мың теңге айыппұл арқалаумен бітіпті. Сондықтан, өздігінше құрылыс салып жатқандар жақында құжат дайындап аламыз деген сенімде. Ал, құрығы қысқа жарымжан тұрғындар енді кімге шағымданарын білмей отыр.

Гүлдана Дәурен