Жыл басынан бері 186 әйел ауыр жарақат алған

28
Фото: Отырар.кз

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша қылмыстар саны бес жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Биыл бір жарым мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге көп деуге болады.

Бет жүзін жасыруды өтінген Саиданың 4 баласы бар. 30-дағы әйел 10 жылға жуық уақыт бойы күйеуінен таяқ жеп келіпті. Көз жасына ерік берген келіншек отағасының тұрақты жұмысы болмағанын айтады. Соған қарамастан ішіп келіп, үздіксіз қол көтерумен болды дейді Саида. Сөзінше қатал өмірге осы күнге дейін балалары үшін төзіп келген.

«Үйленген соң 3 айдан кейін өнерін көрсете бастады. Мені цементке ұрып бастады. Ол аздай менің көзімше әкесін бірақ ұрған кезде тістері ұшып кетіп, қатты қорыққанмын. Мені өлтіріп қойса ше деген ойлар болды. Бірақ ешкімге айта алмадым. Үй-ішіме, туыстарыма да айта алмадым. Кейін арада бала туылды. Содан кейін қалып қойдым. Өйткені менің кішкентайымда анам қайтыс болған. Үйге барайын десек, 3 жылда бір-ақ рет барамыз. Кел деп тұрған ешкім жоқ бізге. Күйеуім соған «сені іздеушілерің жоқ, сені қорғаушыларың жоқ» дейді. Соңғысында үстімді көкпеңбек етіп ұрып тастады. Оны тексеріп, 15 күнге қамап еді. Келгенде болды, қайталамаймын деген. 5 күн өтпей жатып қайта ұра бастады. Ол кезде 10 күнге қамалды. Соны пайдаланып кетіп қалдым. Алдын азып-тозып кетіп едім. Осы жерге келіп шыны керек жағдайым жақсара бастады. Балаларым да еркін жүре бастады. Емін-еркін жүреміз, еркін тамақ ішіп жүрміз қазір». — дейді Саида.

Қазір Шымкенттегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында сегіз әйел бар. Олар күйеуі немесе туыстарынан зорлық-зомбылық көрген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, отбасылық жандалдан туындаған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны үш есеге өскен. Бұл көрсеткіштің артуына жаңа заңдағы өзгеріс те әсер еткен көрінеді.

«Биыл 2023 жылмен салыстырғанда айына 5-10 әйел артық түсіп жатыр. Олардың бәріне келе сала психологиялық, құқықтық көмек көрсетеміз. Бізге түскен әйелдердің көбіның жоғары білімі жоқ. Сондықтан Бақытты жанұя» орталағымен бірлесе отырып, әр қызмет алушының қабілетіне қарай тігін, шаштараз, массаж сынды курстарды оқытамыз», — дейді Шымкент қаласы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының психологы Қатира Иманәлиева. 

Алғашқы 8 айда тіркелген қылмыстардың басым бөлігі ұрып-соғу жағдайына тиесілі. Мәселен мұндай қылмыстар саны 628. Қоғам белсенділерінің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін заңнамалық және профилактикалық шаралар жеткілікті. Бастысы мәселені шешуді отбасынан бастау керек.

«Ата-анаға үлкен жауапкершілік жүктеледі, олар қыз немесе ұл болсын жынысына қарамастан, қатаң заң барын түсініп, оны сақтау керек. Әсіресе, адамның жеке шекарасы бар екенін түсіндіруі керек. Отбасылық өмірдің этикасы мен психологиясын мектепте де, үйде де оқыту қажет деп санаймын», — дейді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Гүлнар Омарова.

Жыл басынан бері 186 әйел ауыр жарақат алған. Сонымен қатар, 27 зорлау дерегі тіркелсе, 74 адам тирандардың қолынан қаза тапты.