Әлемде әрбір үшінші бала алыстағыны көрмейді

233

Балалардың көру қабілеті тұрақты түрде нашарлап барады. Жаңа зерттеу нәтижелері әлемдегі әрбір үшінші бала миопия не алыстағыны көрмеуден зардап шегеді деп тұжырымдайды. Зерттеу авторлары мұны короновирус пандемиясы кезеңінде балалардың уақытының көп бөлігін экран алдында өткізіп, таза ауаға аз шыққанымен байланыстырады.

Зерттеу авторлары British Journal of Ophthalmology журналында жарияланған зерттеуде 2050 жылға қарай алыстағыны көрмеу миопия диагнозы миллиондаған балаларды қамтитын болады деп ескертеді. Ең нашар көрсеткіш Азияда байқалып отыр: Жапонияда балалардың 85%-ы және Оңтүстік Кореяда 73%-ы миопиядан зардап шегеді, ал Қытайда бұл көрсеткіш 40%-дан асады.

Парагвай мен Угандада алыстағыны көрмеу деңгейі 1% шамасында боп, әлемдегі ең төменгі көрсеткішке жатады. Ұлыбритания, Ирландия және АҚШ-та бұл көрсеткіш шамамен 15%-ды құрайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Ресейде бастауыш мектепте балалардың 6-8%-ы алысты көрмеуден зардап шегіп отыр, ал мектепті аяқтаған кезге дейін бұл көрсеткіш жартысына дейін өседі.

Зерттеуге алты құрлықтың 50 елінен бес миллионнан астам бала мен жасөспірімді қатысты.

Олардың айтуынша, миопияның көрсеткіші 1990 жылдан 2023 жылға дейін үш есе, яғни 36%-ға дейін және бұл әсіресе пандемиядан кейін байқалды. Миопия әдетте бастауыш мектепте басталады және көру әдетте көздің өсуі тоқтағанша (шамамен 20 жаста) нашарлайды .

Алысты не алыстағыны көре алмау неден пайда болады?

Миопияның пайда болу ықтималдығына әртүрлі факторлар әсер етеді, соның ішінде географиялық фактор да ерекше маңызға ие. Атап айтсақ, Шығыс Азияда жиі кездеседі. Бұл генетикаға да, басқа да белгілі себептерге байланысты. Мысалы, Сингапур немесе Гонконг сияқты жерлерде балалар оқуды ерте жастан бастайды. Сәйкесінше, оларда көз бұлшықеттерін қатайтатын кітаптар мен экрандарға көп қарауы салдарынан миопияның пайда болу қаупі жоғарылайды.

Мектепте оқу алты-сегіз жастан басталатын Африкада миопия Азияға қарағанда жеті есе сирек кездеседі.

Баланың көру қабілетін қалай сақтаймыз?

Көз аурулары бойынша британдық мамандар миопияның алдын алу үшін әсіресе 7-9 жас аралығындағы балаларға күн сайын кемінде 2 сағат далада серуендеуді ұсынады.

Аталмыш диагнозды емдеуде табиғи күн сәулесі жақсы әсер ете ме, әлде таза ауада физикалық жаттығулар жасау немесе алыс қашықтықтағы нысандарға көзді шоғырландыру жақсы әсер ете ме белгісіз.

Дегенмен, «балалардың далада уақыт өткізуінде шынымен пайдалы нәрсе бар», – дейді Британ оптометристер колледжінің клиникалық кеңесшісі Дэниел Хардиман-Маккартни.

Ол сондай-ақ ата-аналарға 7-10 жас аралығындағы балалардың көздерін тіпті бұрын тексерілген болса да, тексерістен өткізуді ұсынады

Алысты көрмеушілік тұқым қуалауы мүмкін, егер сізде миопия болса, сіздің балаңызда оның даму ықтималдығы үш есе жоғары.

Егер балаңыз теледидарға тым жақын отырса немесе кітапты, телефонды не планшетті бетіне тым жақын ұстаса, бас ауруына шағымданып, көздерін жиі уқаласа, оны офтальмолог маманына көрсету қажет. Себебі бұл миопияның бастапқы белгілері болуы мүмкін. Алыстан көрмеу диагнозын емдеу мүмкін емес, бірақ оны көзілдірік немесе линза арқылы түзетуге болады.

Арнайы линзалар кіші жастағы балаларда миопияның дамуын баяулата алады, себебі олар көздің өсуін басқа бағытта ыңғайлайды, бірақ олардың бағасы едәуір қымбат. Азияда бұл линзалар өте танымал. Тіпті, оқу ашық ауада өтіп жатқандай әсер қалдыратын қабырғалары әйнектен жасалатын сыныптар салып жатыр.

Дәрігерлер миопия деңгейінің күрт өсуі егде жастағы адамдарда бұрын соңды тән болмаған көз ауруларының түрлері көбейе ме деп алаңдатушылық танытып отыр.

Абдулла Жанерке Абдықадырқызы
Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің
«Журналистика» мамандығының 1-курс студенті
Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің
№42 санында (17.10.2024 ж) жарияланды