Ел болашағын айқындаған күн. «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қалай қабылданды?

615
Фото: akorda.kz

Осыдан 34 жыл бұрын, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол кезден бастап Қзаақстан жеке мемлекет ретінде таныла бастады.

Егемендік декларациясы кейін Қазақстан тәуелсіздігінің іргетасына айналды. Осы орайда ғалым, экономика ғылым кандидаты, бірнеше ауданды басқарған, облыс әкімінің орынбасары болған, сенатор болған Қуаныш Айтаханұлы Айтахановпен сұхбаттастық. Қуаныш Айтаханұлы — 1990-1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесінің 12 шақырылымының депутаты боп, 1990 жылғы 25 қазанда Егемендік декларациясын талқылауға қатысып, жақтап дауыс берген азамат. Тарихи сәттің бел ортасында жүрген азамат 34 жыл бұрынғы жағдайды айтып берді.

Экономика ғылымдарының докторы Қуаныш Айтаханов (оң жақта) пен Oñtüstık Rabat газетінің бас редакторы Жәнібек Нұрыш (сол жақта). /15.10.2024 жыл, Шымкент қ./

Қазақстан Республикасының егемендегі жайлы айтардан бұрын, сол кездегі елімізде болған саяси экономикалық ахуалға тоқталып кету керек.
1980 жылдардың соңында КСРО-да халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайы ауырлай бастады.

Оның негізгі себебінің бірі – Батыс елдері, Америка қысым жасап, КСРО-ны құлатудың амалын жасады. Салдарынан біздегі мұнай өнімдерінің бағасы күрт төмендеп кетті. КСРО-да да Қазақстан сияқты негізгі табыс мұнай, газ өнімдерін сыртқа сатудан түсетін. Миллиардтаған ақша түсетін. Ол ең төменгі деңгейге түсті. Соның себебінен елімізде экономикалық ахуал өте төмендеді.

1989 жылы наурыз айында КСРО Халық депутаттарының сайлауы өтті. Және президенттің сайлауы болды. Коммунистік партияның бас хатшысы Михаил Сергеевич Горбачёв деген кісі Президент болып сайланды. Сол съезде халықтың еркімен сайланған, баламалы түрде сайланған бұрынғыдай партия билеп-төстеп тұрғанда сайланған депутаттар емес, әр жақтан халықтың ой-пікірін білдіретін азаматтар шығып сөйлеп, оның өзі жария түрде өтті. Материалдардың барлығы теледидардан, радиодан күндіз-түні сайрап тұрды. Оның бәрін халық естіп отырды.

Шығып сөйлеген депутаттар, Совет одағының тарихында болған ең қиын кезеңдерді халықты жаншу, езу, репрессияға ұшырату, халық жауларын ату, асу деген сияқты коммунистік партияның қара бағатта атқарған жұмыстарын әшкерлеп айтып жатты. Оны халық біле бермейді, мұны білген соң, қандай жерде өмір сүріп жатырмыз, қандай партия бізді басқарып жатыр деген сияқты ойдан қобалжи бастады. Елдегі экономикалық ахуалдың өзі төмен еді.

Инфляция бірнеше есе өсіп, дүкендерде тауар болмай қалды. Ол кезде инфляция 1000%-дың үстіне шығып кетті. Бүгін алған ақша ертең сабанға айналып жатты. Дүкендегі бүгін бар тауар ертең жоқ болып жатты. Күнделікті тұрмысқа қажет заттар көзден бұлбұл ұшты. Осының бәрі саяси ахуалды төмендетті.
Балтық теңіздің бойындағы одақтас Литва, Латвия, Эстония елдері КСРО құрамынан шығып кетті.

Сосын «Одақты қалай сақтап қалу» деген мәселе туындады. Оны сақтап қалу үшін, одақтық шартты қайта қарау керек болды. Сол шарт 1922 жылы құрылған. Ол шарт бойынша республикадағы ең ірі кәсіпорынның бәрі одаққа қарайды. Банк, қаржы жүйесінің бәрі одаққа бағынатын. Экономика төмендеген кезде сондай мемлекетте ешкім өмір сүргісі келмеді. Сосын одақтық шартты жаңа негізде құру, әрбір одақтық республикаларға құқық беру мәселесі қолға алынып, осы үшін Михаил Сергеевич Горбачёв бастаған топ жұмыс атқара бастады.
Сөйтіп, наурыз айында «Егемен Республикалар одағы болып бірігетін жаңа федерацияда қалуға қалай қарайсыз» деген сұрақ туындап, сол сұрақтың төңірегінде референдум өтті. Референдумда советтер одағының халықтың басым бөлігі жақтап дауыс берді.

Осындай кезеңде Қазақстандағы жағдай қалай болды?
Бұл кезде яғни 1990 жылы наурыз айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттарды сайлау өтті. Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан ерекше болды. Мен сол сайлауға қатыстым. Сол сайлауда Жоғарғы кеңестің депутаты болдым. Ол кезде Арыс ауданында аудандық пратия комитетінің бірінші хатшысы болыпі істейтінмін. Бұрынғы сайлаудың бәрінде партияның орталық комитеті нұсқау беретін. Оған байланысты әр округтан бір адамнан сайланатын. Ал мына кезде сондай нұсқау бергендей болды, бірақ партияның күші төмендеген болу керек, оның үстіне халықтың демократияға деген үрдісі көбейді. Сол себепті оны ешкім тыңдаған жоқ. Сөйтіп, әр округтан бір адамның орнына 2, 5, 10 адамға дейін таласып, соның ішінде халық сыйлайтын, халыққа қызмет ететін халық қалаулысы болып мықты азаматтар сайланды. Және зиялы қауымға арнайы квота берілді.

Сөйтіп 360 депутат сайланды. Осылайша Қазақстан тарихында ең мықты депутаттар корпусы болды. Қазақтың ең мықты азаматтары яғни ғалымдар, жазушылар, мемлекет қоғам қайраткерлері, ашық пікір білдіре алатын азаматтар сайланды.
Сосын 24 сәуірде Жоғарғы кеңестің бірінші сессиясы жұмысын бастады. Орталық коммитеттің бірінші хатшысы ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Ол кісі Жоғарғы кеңестің төрағасы болып сайланды. Содан кейін ол кісі «басқа Республикаларда жұрт өзінің Президентін сайлап жатыр. Біз де өз Президентімізді сайлайық. Сол себепті күн тәртібіне екі жағдай енгізем» деді. Бірінші Кеңестік Қазақстан Республикасында Президент болу жайлы заң жобасын енгізейік деді. Ол заң жобасын енгізген соң, конституция өзгеру керек болады. Сондықтан «Конституцияға өзгерістер енгізейік» деген екі заң жобасын ұсынды. Сол күні түстен кейін екі заңды талқылып, екеуін де қабылдадық. Солай ол 19:00-де аяқталған кезде Назарбаев: «Енді Президент сайлауын өткізейік» деп айтты.

Конституцияға Бірінші Президент сайлауын парламент сайлайтын қылып енгізді. Сөйтіп жеке өзі түсті де түнгі сағат 12:30 шамасында ол кісі Президент болып сайланды. Бір күннің ішінде сессия ашылды, төраға болды. Сол күні екі заңға өзгеріс енгізді, өзі Президент болды.

25 сәуір таңертең 10-дағы сессия жалғасты. Ол жерде Назарбаевты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасынан босатып, оның орнына орталық коммитетінің хатшысына Ерік Мағзұмұлы Асанбаевты сайладық.
Сөйтіп біз бірінші сессияны аяқтап, қайттық. Ол кезде 25% депутат тұрақты түрде жұмыс істейтін. Қалғандары еліне барып, күзде 2,5 айға, көктемде 2,5 айға келіп қалған депутаттар қабылдаған жаң жобаларын ары қарай талқылап, Жоғарғы кеңесте қабылдайтын.

Салық Зиманов, «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация» жобасын даярлау жөніндегі комиссияның төрағасы, заңгер, академик-депутат. (фото – egemen.kz сайтынан алынды)

Сонымен күзде қыркүйектің соңында екінші сессияға шақырды. Бұл 1990 жылы қазан айы болатын. Сол кезде декларация қабылдау күн тәртібіне енді.
Декларация қабылдау, одақтық шартқа қандай мәселемен бару керек, қандай ұсыныс болу керек дегенді талқылап алу үшін болды. Бұл жерде комиссия құрылды. Оның директоры боп академик, мықты азамат Салық Зиманов тағайындалды. 25 қазанда

Жоғарғы кеңестің екінші сессиясы күн тәртібіне кірді. Сол кезде марқұм Салық Зиманов керемет доклад жасады. Трибунада 6 сағаттай тұрған шығар.
Декларация деген 17 баптан тұрады. Сол әрбір бабы, әрбір сөйлемі керек болса әрбір сөзі талқыланады. Өйткені Жоғарғы кеңестің 58%-ы біздің ұлттың адамдары болды. Қалғаны басқа ұлттың адамдары болды. Біздің ұлтта қазақша сөйлемейтіндердің саны біраз болды енді.

Ол кезде демократияның күшейіп тұрған кезі. Республикада Халық кеңесі деген газет ашылды. Бұл газетте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде не айтылды, кім не айтты дегеннің бәрі жарияланып кетті. Осы кезде Жоғарғы кеңес депутаттарының ішінен

«Демократиялық Қазақстан» деген топ құрылды. Олар өз алдына декларация мәтінін ұсынды. Ол да газетке жарияланды. Сонда «Демократиялық Қазақстан» тобының негізгі мақсаты – «Біз көпұлтты мемлекетпіз. Азамат қоғам құрайық. Оны құрмасақ, қиын жағдайға ұшырап қалуымыз мүмкін» деген мақсат еді. Олардың да идеясы дұрыс жалпы. Бірақ сол кезде азаматтық қоғам құратын болсақ, қазақ ұлтының тағдырын шешетін мемлекет құрудан айырылып қалуымыз да мүмкін еді. Соған байланысты заңды білетін ғалымдарымыз жауап қайтарып жатты.

Декларацияның басында «Қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып» деген сөз бар еді. Осы сөзге үлкен тартыс болды. Неге тек қана қазақ ұлты, мұнда басқа да ұлттар тұрады деген сияқты қарсылықтар айтылды. Осы кезде қаншама депутат шығып сөйледі. Соңында дауысқа салып, көпшілік дауыспен қабылданды.
Осылайша небір қитұрқы жағдайлар болды, біреулер мүлдем басқа нәрсе айтып кетті дегендей жағдайлар да боп жатты. Сөйлеп отырған адамдар арасында бөлініп шығамыз дегендер де болды. Бірақ оны біз басым көпшілік дауыспен қабылдадық. 360 депутаттың 300-ге жуығы дауыс берді. Ішінде қалыс қалғандар да бар. Қарсы болғандар да бар.

Ал енді жалпы Егемендік жайлы декларацияға келетін болсақ, ол 17 баптан тұратын. Бұның да мақсаты жоғарыда айтқанымдай – одақтық республикалардың шартына кіру үшін немен баруымыз керек деген сияқты сұраққа жауап беруіміз керек.

Декларация Қазақстан республикасының егемендік алғаны жайлы бүкіл дүние жүзіне жария етті. Бұл екінші маңыздылығы болды. Ал енді үшінші маңыздылығы болса, Тәуелсіздік туралы заңымыздың алғышарты болды. «ҚР Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы заң» осы декларацияның көшірмесі. Тек қана декларация сөзінің орнына тәуелсіздік деген сөз қосылды. Кейбір тұстары ары қарай тереңдетіліп жазылды.
1-бабында былай жазылған. «Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы — егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қатынастарын шарттық негiзде құрады.
Қазақ ССР-і Одақтан еркiн шығу правосын өзiнде сақтап қалады» деп жазылған.
7-бабында: «Республикада мемлекеттiк өкiмет билiгi оны заң шығару, атқару және сот билiгiне бөлу принципi бойынша жүзеге асырылады.
Заң шығару билiгiн Қазақ ССР Жоғарғы Советi жүзеге асырады.
Президент Республиканың басшысы болып табылады және онда ең жоғары өкiмшiлiк-атқару билiк болады.

Ең жоғары сот билiгiн Қазақ ССР Жоғарғы Соты жүргiзеді» деп жазылған.
9-бабында: «Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал — Республика территориясындағы бүкiл ұлттық байлық Республика егемендiгiнiң негiзiн құрай отырып, оның ерекше меншiгiнде болады.
Қазақ ССР-інде меншiк формаларының алуан түрлi және тең болуы қамтамасыз етiлiп, олардың қорғалуына кепiлдiк берiледі» деп жазылған.

Тағы бір жазылған мәселе, Қазақстанның сыртқы саясаты болады. Дипломатиясы, өзіне тән ішкі әскерлері болады. Қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұланы, өзінің Әнұраны, Жалауы, Елтаңбасы болады деді. Яғни тәуелсіздіктің барлық алғышарты кіргізілді.
Сөйтіп, үлкен айтыс-тартыс болған соң, көпшілік дауыспен қабылданды. Осылайша егемендік туралы декларация қабылданып, Әнұран ойнап, қолшапалақтап тұрдық. Ол жиынға шетелдік елшілер, министрліктер қатысқан. Сондай бір тамаша сәт болды, бір кезде көзімізден жас ағып тұрғанын білдік. Сондай толқу болды.

Сол кездегі көңілімнің толқығаны – өмірі ұмытылмайтын сәт дейтін едім. Жан-жағыма қараған сәтте жұрттың бәрі орамалмен көзін сүртіп тұр еді. Сол кезде тотаритарлық жүйе, Совет одағы әлі бар, коммунистік партия билеп тұр. Сондай кезде біз «Келешекте тәуелсіз боламыз, егемендікті осылай жарияладық» деп айтудың өзі үлкен ерлік болды. Одан бір жылдан кейін барып, тәуелсіздік алу жайлы заң қабылданды ғой енді. Бірақ бұл қиын кезеңде алынған бірінші құжат – ол тарихи құжат болып отыр. Сол себепті осы құжат қабылданған күн мереке болып жарияланған.
2009 жылға дейін мерекеленіп келді. Кейін келе «мереке саны көбейіп кетті» деп мұны да мерекеден алып салды. Ол дұрыс емес.

Сосын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеясымен Ұлытауда өткен бірінші құрылтайда «Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін  үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады.

Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деді.
Президенттің Егемендік декларациясы қабылданған күнге ерекше мән берейік, мұны мемлекеттік мереке дейік, демалыс есебінде жариялайық деген ұсынысын халық жоғары сезіммен қабылдады деп ойлаймын. Бұл өте дұрыс болды. Өйткені мұны ұмытуға болмайды. Әр мемлекет тарихында мұндай оқиға жиі бола бермейді. Бір немесе екі рет болатын шығар.

Осы тұста мен барша қазақстандықты 25 қазан Егемендік декларациясы қабылданған, егемендік күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Әр қазақстандықтың отбасы бай-қуатты болсын. Дені сау боп, алға қойған мақсаты орындалсын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Жәнібек Нұрыш
Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің
№43 санында (24.10.2024 ж) жарияланды