Шымкент әкімі «Тұран» шағынауданы тұрғындарының мәселелерін тыңдады

2

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен көшпелі кездесуін Қаратау ауданында жалғастырды. Алғашқы жүздесу Тұран шағынауданында болды. Мұндағылар тұрғын үй, көгалдандыру, жарық, су мәселелерін көтерді.

Шымкент әкімінің жұртшылықпен көшпелі кездесуіне келген Тұран шағынауданының тұрғындары аулаларды көгалдандырып, кейін ұмытып кететін мамандарға шағымданды. Ағаштардың обалына қалып жатыр деген шымкенттіктер жасыл желектің қурап жатқанын айтады.

Сондай-ақ, «Әдия» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жарықтандыру мәселесін көтерді. Сөздерінше, шағынаудандағы алғашқы бой көтерген үйлер болса да мұнда жарықтандыру мәселесі әлі толықтай шешілмеген көрінеді.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары 18 жастан асқандарға да күндізгі стационар салып беруін сұрады. Ал ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға берілген көпқабатты үйлерде лифт істемейді. Осылай деген тұрғындар көптеген шағымдардан кейін мәселенің тек уақытша шешілгеніне наразылығын айтты.

Мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков жеделсаты мәселесінің толықтай шешілетініне сендірді. Жиында тек сауалдар мен мәселелер ғана көтеріліп қоймай, қала басшылығына алғыс та айтылды. Тұран шағынаудан тұрғындары балаларға арналған ойын алаңшасын көп ұзатпай салып бергені үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, қала әкімінің тұрғындармен көшпелі кездесуі шаһардың бірнеше бөлігінде апта бойы жалғасып келеді.