Шымкентте жаңа өрт сөндіру депосы ашылды

24

Шымкенттегі 50 мыңнан астам халқы бар Сайрам шағынауданына қызмет көрсететін жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Жаңа ғимарат заманауи стандарттарға сай салынған. Нысанда техникалық қораптар, демалыс бөлмелері, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер де бар. Ғимаратта құтқарушылардың жұмысы үшін барлық жағдай жасалған.

Шымкентте жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Ол 50 мыңнан астам халқы бар Сайрам шағынауданы тұрғындары үшін қызмет көрсетеді. Өрт сөндіру депосында 4 автотехника бар. Мұнда төтенше жағдайлар департаментінің 50-ден астам қызметкері жұмыс істейді.

Ескі өрт сөндіру бекеті көптеген жылдар бойы типтік емес ғимаратта орналасқан еді. Жаңа өрт сөндіру бекеті барлық заманауи стандарттарға сай салынған.

Бекзат Қамбаров, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Бұл жерде жеке құрамға барлық жағдай жасалған. Тұратын жерлер, демалыс орындары, киім ауыстыратын орындары, өрт сөндіру техникаларын сақтайтын орындар барлығы қарастырылған».

Өрт сөндіру депосы мереке қарсаңында ашылды. 19 қазанда Қазақстанда құтқарушылар күні атап өтіледі. Құтқарушылардың жұмысы қиын әрі қауіпті, сондықтан бұл мамандық иелері өзгелердің өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігеді, тіпті от пен суға түсуден де тайынбайды.

Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Арман Сарыбаев мұндай сәттерде өз өміріңді ойламайсың дейді. Бүгінгі күннің батыры әріптестерімен бірге жанып жатқан 10 қабатты үйдің тұрғындарын қызыл жалын арасынан алып шыққан.

Арман Сарыбаев, өртке қарсы бөлімнің қарауыл бастығы: «Өрттің алдын алу жұмыстарын жасай отыра, біз 10 қабаттағы пәтерде өртті сөндіріп болған соң, көрші пәтерлерден іздестіру жұмыстарын бастадық. Апаны таптық, жанында қызы бар екен. Тез арада оларды қауіпсіз аймаққа шығарып, екі адамды аман алып қалдық».

Қазіргі таңда үшінші мегаполисте 10 өрт сөндіру бөлімі қызмет көрсетеді. Бүгінде бір ғимарат құрылысы жүріп жатса, төрт нысан бойынша сараптама сәтті жүргізіліп, конкурс аяқталған. Жобалардың жалпы құны бір миллиард теңгені құрайды.

Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 10 өрт сөндіру депосы жұмыс жасауда. Негізі 22 болу керек. Қазіргі таңда қала әкімінің тапсырмасымен алдымыздағы екі жылда қала аумағында қосымша 10 өрт сөндіру бөлімін ашу жоспарланған. Сонымен қатар Тұран ықшам ауданында тағы да бір өрт сөндіру бөлімінің құрылысы басталды».

Жаңа өрт сөндіру бекетінде қызметкерлерді оқытуға және олардың дене шынықтыруына арналған орын бар. Мұнда олар төтенше жағдайларға жауап беруге дайындықты жақсарта алады.