«WorldSkills Shymkent-2024»: Аймақтық кезеңнің жеңімпаздары анықталды

20
Фото: Отырар.кз

Шымкентте студенттер арасында «WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңінің жабылу салтанаты өтті. 1 апта көлемінде ұйымдастырылған байқауға 221 үміткер қатысты. Олар бірнеше бағытта білімдері мен қабілеттерін ортаға салды. Ал жарыс жеңімпаздары қараша айында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.

Диас Бабиров бүгін студенттер арасында үздік атанды. Ол 1 апта көлемінде өткен «WorldSkills Shymkent-2024» кәсіби шеберлік чемпионатында веб-технологиялар құзыреттілігі бойынша бақ сынады.

Үш күнге созылған модульдерде берілген тапсырмаларды мінсіз орындауға тырыстым дейді ол. Алғашқы күні студент сайт ашып, оны ресми тіркеп, құрылымын жасақтап, кестелерін түзген. Ал екінші блокта тұтынушылар сайтты қиындықсыз қолдана алуы үшін авторизация жасапты. Дегенмен, әлемдік стандартқа сай сайт жасап шығару қиынға соқты дейді ол.

Диас Бабиров, чемпионат жеңімпазы: «Дизайн оңай болды екінші модульде. Ал үшінші, төртінші модульде екінші күні жасанды интеллект қосу керек болды. ІРА кілттерімен қосу керек болды, ақаулар шықты, қиынырақ болды. Мен дизайннан алда болдым, тағы сайтымда функциональдық көп болды басқаларға қарағанда. Кейбіреулерінде істемей қалса, менде бәрі дұрыс болды».

Шымкентте 23-27 қыркүйек аралығында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің қатысуымен «WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңі өтті. Чемпионат «Жас маман» жобасы аясында 14 колледж базасында өткізілді.

Чемпионаттың аймақтық кезеңіне 42 құзыреттілік бойынша 221 үміткер қатысты. Олар «Өндірістік және инженерлік технологиялар», «Қызмет көрсету саласы», «Білім беру», «Медицина», «Шығармашылық және дизайн» бағыттары бойынша бақ сынады.

«Елімізде болашақта индустриалды дамыту бойынша көптеген үлкен жобалар ашылуда. Кәсіпорындарда жұмыс жасауға білікті жұмысшы мамандар ауадай қажет. Президент айтып өткендей, білім саласына өте көңіл бөлініп отыр. Еліміздің болашағы жастарға сенеміз. Шын мәнінде мықты мамандарымыз 2024 жылы республикалық чемпионатына қатысып, өз лайықты бағасын алады деп сенеміз», — деді Шымкент қ. білім басқармасы басшысы орынбасарының м.у.а Нұрдәулет Аблаев.

Чемпионатты өткізудегі мақсат — жұмысшы және кәсіби мамандықты дәріптеу, олардың танымдылығын және қоғамдағы беделін көтеру дейді мамандар.

Нұрболат Абдуллаев, WorldSkills чемпионатының бас сарапшысы: «Чемпионатымызда 40-тан астам колледж қатысты. Әр колледжден 42 құзіреттілік бойынша чемпионатымыз осы аптада аяқталды. Әр құзіреттілік мамандықтың қиындығына қарай модульдерге бөлінеді. Жобаның мақсаты – студенттер арасында техникалық мамандықтардың танымалдығы. Өйткені біздің абитуриенттеріміз, студенттеріміз, мамандарымыз осы чемпионатта үлкен тәжірибе алады. Бұл чемпионат тек облыстық деңгейде ғана емес, ары қарай республикалық және халықаралық деңгейде де өтеді».

Аймақтық чемпионат жеңімпаздары биыл қараша айында өтетін республикалық сайысқа жолдама алады. Айта кетейік, өткен жылы шымкенттік үш студент халықаралық «WorldSkills» чемпионатының жүлдегері болды.