Шымкентте «қыз алып қашу» операциясының жай-жапсары белгілі болды

1443

Шымкентте студент қызды алып қашқан жас жігіт қамауға алынды. Полиция хабарлауынша, ұсталған жігіт Маңғыстау облысының тұрғыны. Ол Шымкентке қызға үйлену мақсатында келген.

22 жастағы ер азамат пен медицина саласында оқитын студент қыз ғаламтор арқылы танысқан. Бірнеше ай бойғы таныстықтан соң жігіт қызға үйленуге шешім қабылдайды. Бірақ бойжеткеннің пікірін сұрамаған. Содан жігіт таңғы уақытта студент дипломалды практикадан өтіп жатқан медициналық мекемеге барған. Анықтама бюросында өзін курьер ретінде таныстырып, бойжеткенге сыртқа шығуын өтінген. Қыз далаға шыққан бойда оны күштеп, көлікке отырғызып әкеткен.
Полиция оқиға туралы хабар ала салысымен жедел-іздестіру шараларына кірісті. Toyota Alphard көлігін ұстауға жедел уәкілдер жұмылдырылып, көрші өңірлерге бағыттама жіберілген.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде автокөлік жарты тәулік ішінде Алматы-Самара тас жолында Жалағаш ауылының маңында ұсталды. Ер адам қамауға алынып, тергеу әрекеттері жүргізілуде» деп мәлімдеді полициядан.