Бір аптадан кейін «Жастар» бағдарламасына өтінім қабылдау басталады

21
фото astanatv.kz

 

Шымкент қаласы бойынша 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтуға бағытталған бағдарламаға өтінім қабылдау басталады. Аталмыш бағдарлама 27 қараша күні сағат таңғы 9:00-ден 29 қараша сағат 19:00 аралығында жүргізіледі.

«Жастар» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын бірнеше талаптар бар:
— арнайы орта білім алған және жұмыс істейтін 35 жасқа толмаған Қазақстан азаматы болуы керек
− ай сайынғы табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен яғни, 147 680 теңгеден кем болмауы қажет
− өтініш беруші соңғы 3 (үш) жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркелген болуы керек
− өтініш берушінің отбасы мүшелері де Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде болуы шарт
− өтініш берушінің, жұбайының, балаларының апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлерді қоспағанда, өтініш берер алдында соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйі болмауы керек
− тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектісінде жинақ шоты болуы тиіс

Жұлдызай Ордабекова, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы: «Жалпы жастар бағдарламасы 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Жастар бағдарламасымен бұған дейін бізде 2949 пәтер берілген болатын. Бұл бағдарлама 2009 жылдың аяғында шығып, биылғы жылы 4-ші рет өткелі жатыр. Алдын 2020 жылы 904 азаматты, 2021 жылы 300 азаматты, 2022 жылы 857 азаматты, 2023 жылы 888 азаматты қамтыған болатынбыз. Биыл 900 пәтермен қамтитын боламыз».

Биыл айтулы бағдарлама аясында жастарға 900 пәтер беріледі деп күтілуде. Оның ішінде 238 пәтер-1 бөлмелі, 412-сі 2 бөлмелі, қалған 250-і 3 бөлмелі пәтер. Аталған пәтерлер Шымкент қаласы, Абай және Қаратау аудандарында орналасқан. Жастар бағдарламасына қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы өтініш бере алады.

Айта кету керек, талаптарға байланысты өтінім қабылдау аяқталған күннен бастап, құжаттарды қарау, шешім қабылдау, балдық жүйесінде есептеу және тұрғын үйге қоныстандыру мерзімі 55 жұмыс күнін құрайды.