Шымкентте 888 арендалық баспананың кілті табысталады

37

Шымкентте Жастар бағдарламасымен 888 азаматқа арендалық баспана берілді. Биылдан бастап жалдамалы негіздегі үй 3 жылға беріледі. Оны 35 жасқа толмаған азаматтар ала алады. 1 бөлмеден 3 бөлмеге дейін ұсынылған үйлерді алу үшін құжаттар қараша айында қабылданды. 

Ұлжалғас Ералханова бүгін баспанасының кілтін қолына алып, өз үйіне алғаш рет кірді. 32 жастағы әйел арендалық баспананың иесі атанды. 2 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана бұл жаңалық күтпеген сый болғанын айтады. Тіпті үй иесі атанғаны туралы хабарлама келгенде көз жасына ерік беріпті.

«Мен үйді алып жатқаныма өте қатты қуаныштымын. Біріншіден мен күткен жоқпын. Kezekte.kz сайтына тіркеліп қазіргі жастар бағдарламасына қатысып екі бөлмелі үй аламын деп ойламадым. СМС келгенде қуанып бір жылап алдық. Құдай қаласа кілтті алып, келісімге отырып, ертесіне көшіп келеміз«, — деген қуанышын жасырмады Шымкент қаласының тұрғыны Ұлжалғас Ералханова.

Биыл 888 арендалық баспананың кілті табысталды. Қараша айында жүргізілген конкурс нәтижесінде жеңіске жеткендерге 1 бөлмелі – 298, 2 бөлмелі – 298 және үш бөлмел 292 пәтер берілді. Үй иелері ай сайын 10 мыңнан 23 мыңға дейін пәтерақы төлейді.

«Өздеріңізге белгілі 35 жасқа толмаған Шымкент қаласының жұмыс істейтін жастары. 3 жыл тұрғылықты жер бойынша тіркелу талап етіледі. Соңғы 5 жылда иеліктерінде тұрғын үйі жоқ азаматтар. Сондай-ақ, басты критерийлардың бірі 40.000 мың теңгеден аз емес айлық көрсеткіші болуы керек», — деді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдыз Ордабаева.

Биылдан бастап Жастар бағдарламасымен берілетін арендалық баспанада тұру мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқарды. Айта кетейік, өткен жылдың қараша айында сатып алу құқығынсыз берілетін үйлерге 3 күн ішінде 4500-ге өтініш түсіп, оның 2500-і іріктеуден өтіп, конкурсқа жолданған. Бүгіннен бастап, жеңімпаздармен келісім шартқа отыру басталды.