Ерекше балаларға көңіл бөлінуде

22

 

Шымкентте ерекше жандарға жіті көңіл бөлінуде. Қалалық жастар ұйымының бастамасымен «Аялы алақан» балаларды оңалту орталығында кезекті психологиялық семинар-тренинг өтті. Игілікті шара көңілмен тілдесетін жандарға ерекше назар аударуды мақсат тұтқан. Сондықтан арнайы мамандар жұмылдырылып, өзіндік тәсілдермен жұмыс жүргізді. Мұндай тренингтер балаларды қалай бейімдейді, айтулы шара қанша уақытқа жалғаспақ?

Шымкентте ерекше жандармен жұмыс жасайтын 13 стационарлық орталық бар. Соның бірі «Аялы алақан» балаларды оңалту орталығы. Бүгінде бұл орталықта балалардың көңіл-күйін көтеру мақсатында арнайы психологиялық семинар-тренинг өткізіліп жатыр. Мұндағы мамандардың айтуынша мұндай семинар-тренингтер балаларға тың серпіліс береді. Сондықтан осындай шаралардың көптеп өткізілуі дәстүрге айналса деген тілек білдіреді.

Адамға ең қымбаты көңіл деген. Ал көңіл шыңындағы жандарға көңіл әрдайым бөлінуі керек. Осыны ескерген қалалық жастар ұйымы балаларды оңалту орталықтарында 1 аптаға жалғасатын психологиялық семинар тренингтер өткізіп жатыр.

Гүлбибі Құдайберген, ЖРО еріктілермен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы: «Яғни, бізде 4-і мен 10-ы мейірім апталығы жобасы аясында бұл жерге іс-шараға келіп отырмыз. Ең бірінші біз «Мейірім» оңалту орталығына келіп 30 жасөспірімді, яғни ерекше топтағы балаларды қамтыған болатынбыз. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты бізде ерекше топтағы балаларға бір күндік көңіл күй сыйлау болып табылады».

Психологиялық семинар тренинг 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде рөлдік ойындар мен топтық жұмыстар жүргізілді. Мұнда балалар арнайы сурет салып, бірге машықтанды. Өз өнеріне көңілі толған балғындар, әнге қосылып, асыр салды. Жетістіктің нәтижесіне соңынан сыйлықтар табысталды. Бас-аяғынан семинарды жүргізген маман Жазира Асан 1 күн болса да ерекше жан мен ата-ананың көңілін көтеру оны алға жетелейтінін айтады.

Жазира Асан, жүргізуші: «Бұл бастамамыз бірінші рет емес. Алдағы уақытта бұдан да керемет іс шараларды өткіземіз. Мақсатымыз — ерекше балаларға бұл жерде, кішкене көңіл күй сыйлау. Оларға сондай бір өмірдің керемет әдемілігін көрсету. Осындай керемет балаларды қарап отырған аналарға кішігірім мотивация болсын, осындай керемет балаларды өсіріп отырған аналарға алғысым шексіз».

«Аялы алақан» орталығы өкілінің айтуынша мұндай семинарлардың жиі өткізілуінің пайдасы бар. Себебі арнайы тренингтер балаларды жаңа дағдыларға бейімдейді, дейді.

Бейбіт Құлжанов, «Аялы алақан» әлеуметтік оңалту орталығының басшысының орынбасары: «Жалпы мұндай семинарлар психологиялық көмек болғаннан кейін мұндай орталықтарға әсері көп деп ойлаймын. Өйткені қазір балалардың көңіл күйлерін аулау,  тағы сондай қызметтер көрсетеді. Балалар көп нәрсеге бейімделеді».

Айта кетейік, жартылай стационарлық балаларды оңалту орталығы психоневрологиялық көмек береді. Бүгінде орталық ерекше топтағы жандарға 8 бағыт бойынша қызмет жасайды. Мекемеде 115 ерекше бала оңалту дағдыларына бейімделіп жатыр. Орталық басшылығы соңғы жасалып жатқан жағдайларға алғысын айтып, ерекше жандарға әрдайым көңіл бөлу ұстанымы басты назарда болғанына дән риза.

Әділет Әнуар