Ет бағасының қымбат болуының басты себебі – делдалдар

40
фото Отырар.кз

 

Қазақстанда ет өндірісі ұлғайып отыр. Жыл басынан бері елімізде 315 тоннадан астам ет өнімдері өндірілген. Алайда мол өнім мен сұранысқа қарамастан қазақстандықтар әлемдік тізімде етқұмар елдер көшінде емес. Ет жеуден қазақты басып озған кімдер?  Еліміздің қай өңірінде құнарлы тағамды тұтынуда ақшасын үнемдейді?

Қазақстандықтар жыл сайынғы қымбатшылыққа қарамастан етті көп тұтынып келеді. Мәселен, биыл алғашқы жарты жылдықта әрбір қазақстандық орташа есеппен 40 келі ет өнімін тұтынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға көп. Айта кетейік, қазақстандықтар көбіне сиыр етіне басымдық береді екен.

Қазақстандықтар әлемдік тізімде етті ең көп жейтіндер көшін бастамайды. Әйгілі әлеуметтік журналдың дерегіне сәйкес, ең көп ет жейтіндер – Тонго тұрғындары. Онда әрбір азамат жылына 147 келі ет жейді. Мұнан соң бұл тізімде Моңғолия, Сент-Винсенть және Гренадин, сондай-ақ АҚШ та бар. Ал етті аз тұтынатындар Буринди, Конго және Бангладеш тұрғындары.

Еліміздегі етке әуес жандардың басым бөлігі – маңғыстаулықтар. Онан соң Жамбыл және Атырау облысы тұр. Ал етті ең аз тұтынатындар Шымкент және Түркістан тұрғындары екен. Бұған күнкөріс деңгейі тікелей әсер ететін тәрізді.  Шымкент базарларындағы ет сатушылар бұрындары қала тұрғындарының етті қаптап алатынын қуанышпен еске алады. Ал қазір шымкенттіктер өнімнің бұл түрін  шамалап қана сатып алады екен. Себебі соңғы уақытта ет бағасы тағы да көтерілген.

Мами Асанова, сатушы: «Әрине, ақшалары жоқ, адамдар етті бұрынғыдай алмайды. Бұрын 2600-2700-ге сататын едік, қазір 200 теңгеге қымбатырақ. 2900-3000 ең жоғары бағамен сатамыз. Неге екенін білмеймін, бірақ бізге қымбаттырақ әкеледі, қазы да, қой еті де бәрі қымбаттап кетті».

Ет сатып салушылар бағаның қымбаттағанын, сол үшін де етсіз жасалатын тамақ түрін әзірлеуге тырысып жүргендерін айтады. Ал енді бірі бағасы қалтаға қонымды өнімді табу үшін  қала шетіне баруға мәжбүр боламыз дейді.

Биыл елімізде ет өндірісі 7 пайызға артқан. Жыл басынан бері Қазақстанда 315 тоннадан астам өнім  өндірілген. Бірақ бұған қарамастан баға көтерілмесе, түскен жоқ.

Ермек Әбуов,«Қазақстан фермерлер қауымдастығы» басқармасының бірінші орынбасары: «Бүгінгі таңда ет бағасы 3000 теңгеден басталады, бірақ сіздер түсіну қажет бір дүние фермер бұл соманың тек 1500–1700 теңгесін алады. 300 теңге дүкеннің сауда үстемесі, ал 1500 теңге етті алып, дүкенге жеткізген ортадағы делдалға қалтасына түседі».

Бағаның шарықтап тұруының негізгі себебі — алыпсатарлардың үлесі. Олар жыл бойы мал бордақылап, ет сойып сататын шаруамен бірдей табысқа кенеледі. Яғни бір де бір. Сондықтан мамандар нарықты реттеп, жүйелеу өте маңызды деп отыр. Себебі әрқашан ең төмен бағаны шаруаның өзі ұсынады.

Әділет Әнуар