Шымкентте 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында қала аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өткізілді.
Бұл айлық тұрғын үй секторларындағы қауіпсіздікті күшейтуге және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Қала аумағында есепке алынған 2222 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Қаладағы табиғи газға қосылмаған және пропан газ баллондарын қолданатын 22 жатақхана толығымен тексеруден өтті дейді мамандар. Ал 2 мыңнан астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға жылыту маусымындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – осал топтардың жылыту маусымы кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Одан бөлек, 13 мыңнан астам қатты отынмен жылытылатын тұрғын үй тексерілді.
Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Қатты отынмен жылытылатын үйлерді бақылау күшейтті. Себебі ауа-райы құбылмалы болған кезде аталған үйлерде пештің тартымы төмендейді. Улану мүмкін».
Маусымның басынан бері 54 мыңнан астам адам қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратпен қамтылып, әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінді. 136 үйге улы газдың әсерін анықтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін газанықтағыш құрылғылар орнатылды. 193 үйдің түтін мұржалары тазартылды.
Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Қала аумағында 194 мыңнан астам жеке тұрғын үй тіркелген. Олардың басым бөлігі орталықтандырған газбен жылытылады. 13 мыңнан астам үй қатты көмірмен жылытылады. Әр жылдың жылыту маусымы басталмай отырып, өрт қауіпсізідігі өткізілген болатын».
Сондай-ақ, көктемгі жаңбыр салдарынан Шымкент қаласында зардап шеккен екі жеке тұрғын үйдің жылу беру маусымына дайындығы тексерілді дейді, төтеншеліктер. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдардағы жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторларында өрт пен улы газдан болатын қайтыс болу оқиғаларын алдын алу үшін арнайы жоспар құрылды. Жоспар бойынша, алкогольдік ішімдіктер бойынша есепке алынған адамдардың тізімі жасақталды, ал өрт орын алған аймақтарда үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Еркін Отарғалымұлы, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Жалпы қала аумағы бойынша 273 өрт фактісі тіркелді. Салдарынан 3 адам қайтыс болып, 9 адам түрлі дәреже жарақат алды. Келген шығын 1,1 млрд теңгені құрап отыр».
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті алдағы уақытта өрт профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыратынын хабарлайды.
Гүлдана Сейдрасул