Түркістан облысында оқушы қызға бірнеше рет зорлық көрсеткен мектеп оқушысы сотталды. Ол Төлеби ауданында орналасқан білім ордаларының бірінде оқып жүріп, кәмелет жасына толмаған арудан жалаңаш суреттерін жіберуді сұраған. Кейіннен жәбірленушінің еркінен тыс жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. Сотта оның кінәсі дәлелденіп, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі: «Сот шешімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағымен кінәлі деп танып, оған жазаларды iшiнара қосу арқылы қылмыстың қауіпті қайталануы деп танып, түпкілікті 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ»
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын, яғни 23 сәуірде Төлеби ауданында аралас мектептің оқушы қызын «бірге оқитын жасөспірім зорлапты» деген хабар тараған еді. Кейін Түркістан облыстық полиция департаменті «кәмелетке толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі бойынша» тергеу басталғанын, күдікті ретінде мектеп оқушысы қамауға алынғанын хабарлаған.