Шымкент халқының 96 пайыздан астамы табиғи газбен қамтылған

23

Жыл соңына дейін Шымкенттің 99 пайызы газбен қамтылады. Мұны қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді. Бүгінде қаладағы бірнеше елді мекенде көгілдір отынмен қамту жүмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Бұл шаңырақта бүгін үлкен қуаныш. Себебі қысты күні көмір тасып, біраз қиналған отбасыға көгілдір отын берілді. Бақтыгүл Сағынбаева сол қиындықтардың артта қалғанына қуанышты.

Бақтыгүл Сағынбаева, Бозарық тұрғын алабының тұрғыны: «Осы күнге дейін біраз қиналып келдік. Қазан-ошақ жағып, қыстың күні көмір жағып дегендей… Енді сол мәселенің бәрі бүгіннен бастап шешілді деп ойлаймын. Табиғи газға қолымыз жетті. Енді газ плитаның үстінде, жылы үйдің ішінде тамағымызды дайындап, шайымызды қойып, бала-шағамызбен, немерелерімізбен қонақтарымызды ұялмай-қызармай күтіп алатын болдық»

Осылайша Шымкенттегі тағы бір елді мекен табиғи газға қосылды. Бозарық тұрғын алабында 700-ге жуық абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 700-ден астам тұтынушы газбен қамтылады дейді жауаптылар.

Рахымберд3 Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «670-тен аса абонентке дайындалған. Қазіргі таңда 100-ден аса үй салынып дайын тұр. Тұрғындарға арнайы құжаттар дайын болуы керек деп ескерткенбіз. Ол құжаттар болмаса газға қосылмайды»

Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков бүгінде мегаполистің 96 пайыздан астамы көгілдір отынмен қамтылғанын мәлімдеді. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 99 пайызға жетеді жоспарланып отыр.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Негізі жоспар бойынша жыл соңына дейін қаланың 99% газбен қамтылуы керек. Бірақ күтейік. Қазірдің өзінде 96% болып тұр. Жылдың соңына дейін Бозарық-1, Бозарық-3 қосылады. Саяжайлар қосылады. Тассай, Ынтымақ-2 бар. Біраз аудандарымыз бар»

Шаһар басшысымен кездескен тұрғындар мектеп пен жолдың жайын да қозғады. Қала әкімі барлық жұмыстың кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын жеткізді.