Төлеби ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылды

34

Төлеби ауданындағы 4 елдімекенде табиғи газ нысаны пайдалануға берілді. Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас елдімекендерінің газ құбырлары сығымдаудан өтіп, іске қосылды. Нәтижесінде 1021 абонент немесе 5200 тұрғын газбен қамтылады. Осылайша аудан 100% табиғи газбен қамтамасыз етілді. 

Бүгін Алтынай Құдайбергенованың шаңырағында үлкен қуаныш. 30 жылдан бері пеш жағып тамақ істеп, үйін жылытып келген Қасқасу ауылының тұрғыны бұл күнді ұзақ күткенін айтады. Ол енді қытымыр қыс таяғанда көпжылдық бейнеттен құтылып, жұмысымыз да жеңілдей түсті деп отыр.

«Осы уақытқа дейін біз от жағатынбыз, күл шығаратынбыз. Әсіресе боранды күні түнделетіп от өшіп қалатын. Енді міне, газ келіп, қуанышымызда шек жоқ. Көгілдір отын қосып, бүгін алғаш рет от жағып, газдың шәйін ішіп отырмыз. Өте қуаныштымыз», — деді Қасқасу ауылының тұрғыны Алтынай Құдайбергенова.

Төлеби ауданындағы 4 елдімекен табиғи газ желісіне қосылып, тұрғындар қуанышқа бөленді. Осылайша аудан облысымыздағы көгілдір отынмен 100 пайыз қамтылған алғашқы аймақ атанды.

Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас және Кенесарық елдімекендерін табиғи газға қосу жөніндегі жобаны іске асырудың арқасында 1021 абонент көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Тұрғындардың қуанышты сәтін бөлісуге арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындармен пікірлесіп, ауданды дамыту бағытында белсенді болуға шақырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:

«Бірінші кезекте келіндер қуанып жатқан шығар «отын жақпайтын болдық, күл шығармайтын болдық» деген сияқты. Ауызбіршілік сақтап, жастарға тура жолды көрсетіп, жастар, кәсіпкерлерді үйретейік. Өйткені біз жол істеп, газ әкелсек те, бірақ табыстарыңыз көбеймесе, бәрібір бірдеңе жетпей тұрады.»

Енді тұрғындар тек «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесімен келісім шартқа тұрып, техникалық шарт алып, газды қосуына болады.

Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев:

«Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен 723 млн теңге бөлінді. Жалпы жоба аясында 4 ауылдық округке қарасты 4 елдімекенде 65 шақырым орта қысымды газ құбырлары, газ тарату бекеті орнатылды. Бұл 1021 абонентті газбен қамтамасыз етеді. Орта қысымды газ бар. Бүгінгі күнге 1021 абоненттің 579-ы техникалық шарт алып, құжаттары әзірленіп, ішкі газ құбырлары тартылып қойды.» 

Елдімекендерге жүргізілген газ құбырларының ұзындығы 65,69 шақырым. Аймаққа 3 газ реттеу пункті және 687 газ реттеу құрылғысы орнатылды. Көгілдір отынды елдімекендердің қосылу нүктелеріне  «Зертас» автоматты газ тарату станциясы жеткізеді.

Бауыржан Асқаров, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры:

«Түркістан облысында 57 пайыз елдімекен газдандырылған. Бұл баршамызға өте қуанышты күн болып отыр. Төлеби ауданында 55 елдімекен болса, бүгін 100 пайыз 55 елдімекеннің барлығын газдандырып, мәселені шешіп жатырмыз. Түркістан облысы бойынша Созақ ауданы газбен қамтамасыз етілмеген. Жоспар бар, қаржы бөлініп жатыр, дайындық жұмыстары басталды.»

Түркістан облысының 57 % көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Бүгінде өңірде 12 газ шаруашылығының әкімшілік-тұрмыстық ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.